Билік

Сенаторлар Петропавлдың ірі кәсіпорындарын аралады

Киров атындағы зауыттың іргетасы 1928 жылдың 20 қарашасында Мәскеу қаласында қаланып, радиоқұрастыру шеберханасы болып ашылған. Біздің өңірімізге 1975 жылы көшірілді. Содан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Қазіргі күні кәсіпорын еліміздің теміржол саласына қажетті электр құрылғыларының 100-ден астам түрін шығарады. Сондай-ақ зауыт осыдан бірер жыл бұрын сандық телевизияны дамытуға қажетті «Отау-тв» қондырғыларын өндіруді де қолға алды. Онымен толықтай бір цех айналысады.

Аталмыш кәсіпорын бүгінгі таңда мыңға жуық адамды еңбекпен қамтуда. Зауыт жұмысымен танысқан Сенаторлар олардың бүгінгі беталыстарына жоғары баға берді.

Зауыт тарихынан сыр тарқатар мұражай да меймандар назарынан тыс қалмады. Онда алғашқы өнімнен бастап күні бүгінде шығарылып жатқан қондырғыларды да көруге болады. Жүріп өткен жолды естелік ету өскелең ұрпақ үшін қажеттігін айтқан халық қалаулылары мұражайдағы құрметті қонақтар кітабына өз қолтаңбаларын қалдырды. Елордалық депутаттардың бұдан кейінгі ат басын тіреген жері Петропавл ауыр машина жасау зауыты. Кезінде қорғаныс саласын қажетті қару-жарақ түрімен қамтамасыз етіп келген кәсіпорын еліміз егемендігін алғалы бері отандық мұнай-газ саласына қажетті қондырғылар шығаруда қолға алды. Оған кәсіпорын мұражайындағы мына жәдігерлер дәлел. Бұдан соң Сенат депутаттары зауыт цехтарын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Мына цехта Екібастұз гидроэлектр станциясына қажетті арнайы жылытқыш панел әзірленіп жатса, мына цехта мұнай ұңғымаларын бұрғылауға арналған қондырғылар шығарылады. Тапсырыс берушілер отандық компаниялар. Осының арқасында кәсіпорын қызметкерлері тек осы жылдың өзінде өнім көлемін 200 миллион теңгеге өсірген. Зауыттың негізгі әріптестерінің бірі – “Қазақстан Инжиниринг ұлттық компаниясы” АҚ, олар алдымыздағы жылдан бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ. Жаңа нобайлар мен танысқан депутаттар оны жүзеге асыруда заң тұрғысынан қолдау болатындығын атап көрсетті. Осы жерде жұмысшылармен әңгімелескен халық қалаулылары кәсіпорынның бүгінгі аяқ алысы мақтануға тұрарлық екендігін атап көрсетті. Еңбеккерлердің істеріне сәттілік тілеп , оларды мемлекеттік мейрам Тұңғыш Президент күнімен құттықтады.

 

Самат Есмағи