Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні атап өтілуде

Солтүстік Қазақстан – еліміздің басты астықты аймағы. Ел қамбасына құйылатын ырыс дәнінің 30 пайызы бізде өсіріледі. Оны бірнеше жыл рекордтық көрсеткіштермен дәлелдеп келе жатқан шаруалар қауымы атаулы межені биыл да еңсерді. Бастырылған астық мөлшері 5 млн тоннаның үстінде. Оған теріскей халқының әрқайсысы тамшыдай болсын үлес қосты деп атап көрсетті ауылшаруашылығы еңбеккерлері күніне арналған салтанатты жиынды ашқан өңір басшысы Самат Ескендіров.

Өңіріміздегі ауылшаруашылығы саласының өнімділігі жыл санап артып келеді. Оған аға буын өкілдерінің қосқан үлестері аз емес. Салтанатты шара барысында аграрлық сала ардагерлері де ескерусіз қалған жоқ. Оларға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Құрметке бөлінгендер саны 25. Бұдан соң ұзақ жылғы еңбегімен ерекшеленген бірқатар азаматтар облыс әкімінің қолынан құрмет грамоталарына ие болды. Солардың бірі – Айыртау ауданындағы “Баян” шаруа қожалығының басшысы Манас Байғарин.

Кәсіби мерекелерінде облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталғандар саны -10. Өңіріміздің аграрлық саласын дамытуға қосқан олардың да еңбектері өлшеусіз. Айта кету керек орақ науқаны басталған шақта өңіріміздегі ауыл жастары арасында үздік механизатор байқауы жарияланған болатын. Салтанатты шара барысында оның қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар облыс әкімінің қолынан грамота және бағалы сыйлықтар алды. Солардың бірі – Евгений Пак. Ол сайыс қорытындысы бойынша екінші орынды еншілеген.

 

Евгений Пак, “Алпысов Агро” ЖШС механизаторы, Аққайың ауданы:

-Еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Бұл тек менің жеңісім емес, барша ұжымымның жеңісі деп білемін. Мереке құтты болсын.

 

Шаруалар қауымын кәсіби мерекелерімен парламент депутаттары және Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері де құттықтап, олардың алдағы еңбектеріне сәттілік тіледі.

Салтанатты шара барысында үш бірдей солтүстікқазақстандық ауылшаруашылығы министрлігі атынан “Ауылшаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Ондай құрметке бөленгендердің бірі – “Ақселеу” серіктестігінің жетекшісі Серік Малаев.

Ауыл шаруашылығы комитетінің басшысы сондай-ақ тағы 9 адамды Ауыл шаруашылығы министрінің атынан құрмет және алғыс хаттармен марапаттады. Салтанатты шара соңы жергілікті көркемөнерпаздар және Мәскеу қаласынан арнайы шақыртылған “Лейся песня” тобының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Самат Есмағи