Қоғам

Мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібі түсіндірілуде

Облыс орталығының мемлекеттік және әлеуметтік ғимараттарының ең биік тұсында 130-дан артық көк ту желбіреп, маңдайшаларында елтаңба жарқырап тұр. Бұл құндылықтардың барлығы бірдей бекітілген заңға сәйкес орнатылды деп айту қиын. Бұны жыл басынан өткізілген тексерістер айғақтап отыр. Нәтижесінде 33 мекемеде рәміздерді қолдануда 176 олқылық анықталыпты.

 

Вадим Маршаков, Техникалық реттеу және метрология Комитетінің СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– 4 жыл бұрын тексерілген мекемелердің 80 пайызында мемлекеттік рәміздерді пайдалануда қателіктер шығып жататын. Бүгінде олқылықтар біршама азайды. Соңғы ескертулер бірден еленіп, кемшіліктер қалпына келтірілуде. Өйтпесе 500 АЕК мөлшеріне дейін айыппұл төлеуге мәжбүрленеді. Нысан ішіндегі рәміздер бұрыштары мен қабырғаларының дұрыс безендірілуі де заңда анық көрініс тапқан.

 

Бұған жеткізбес үшін қалалық ішкі саясат пен техникалық реттеу және метрология департаментінің өкілдері ережелерді тағы бір түсіндіру науқанын бастады. Бұл жолы танымдық шара Әл-Фараби мектеп-лицейінің ұжымына арналып өткізілді.

Қазақ елі тәуелсіздігін жариялағаннан кейін 1992 жылдың 4 маусымында мемлекеттік рәміздер ресми түрде қабылданды. Содан бері желбіреген көк байрақ, әуелеген әнұран, жарқыраған елтаңба тұғырлы отанымыздың егемендігін айқындайтын басты құндылықтарға айналды.

Жеңіс Ермұқанов