Әр түрлі

Петропавлда құстар қаптап кетті

 

Соңғы кездері қаланың орталық көшелерінің бірі – Қазақстан Конституциясы бойымен серуендеп жүріп, оның көркі аз да болса бүлінгендігін байқау қиын емес. Өйткені қанатты достарымыз бас демалыс орнының тазалығына нұқсан келтіруде. Кеспетас төселген жолдың кей бөлігінде қарғалардың қиынан аттап басу мүмкін емес. Табиғаттанушы, орнитолог мамандар мұны қанаттылардың тым көбейгендігімен байланыстырып отыр.

 

Иван Зубань,М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жалпы биология кафедрасының ұстазы, орнитолог:

– Бұрындары құстарды атуға рұқсат етілетін, 5 жылдан бері бұған заңды түрде тыйым салынды. Сонымен қатар, құстардың көбеюіне бір жағынан тұрғындардың өздері де кінәлі. Өйткені орталыққа шыққан жерлестеріміз қанаттыларды тамақтандырып, нан қоқымын шашады. Олар соған үйреніп қалған. Сондықтан осы Конституция көшесін жайлап алған. Үнемі осы жерде ұшып жүретіндіктен, сол жерде зәр шығарып, көшені былғайды.

 

Орталықта құстар санын табиғи жолмен азайту үшін мамандар арнайы жыртқыш аң-құстардың дауысы жазылған дабыл қаққыш құралдарды пайдалануға кеңес береді. Қала тұрғындары болса, қанатты достарымыздан келген зиян айтарлықтай емес дейді.

 

– Оларды біз басқара алмаймыз ғой. Қайта құстардың болғаны жақсы.

–  Құстарды көше былықты деп өлтіруге болмайды. Шетелдерде сияқты асфальтты жуатын қызметтер болу керек. Сондықтан олармен күресудің қажеті жоқ. Одан да қаңғыбас ит, мысықтармен күрессе, игі болар еді

 

Бұл табиғи заңдылық, сондықтан ең алдымен көше тазалығын сақтауда коммуналдық қызметкерлер жақсы жұмыс жасағаны жөн.

 

Мағжан Ахмадина