Балалар

Облыс әкімі Самат Ескендіров балалар ұйымдарының мүшелерімен кездесті

 

Алдымен өңір басшысы қалалық классикалық гимназияның жұмысымен танысты. Білім ордасын аралап, оқу үрдісін көрді. Мектеп ұжымының шәкірттерін салауатты өмір салтына тарту жағын байқады. Кейін Самат Ескендіров оқу мекемесінің қабырғасында балалар ұйымдарының жетекшілерімен кездесті. Президент күні қарсаңында ұйымдастырылған жиынды ашқан облыс әкімі мерекенің маңыздылығына тоқталып өтті. 2 жыл бұрын өлке тұрғындарының ұсынысымен 1-ші желтоқсан тұңғыш Президентті ұлықтау күні деп бекітілді.

Отырысқа балалар қоғамдық бірлестіктерінің халықаралық одағының төрағасы қатысты. Алексей Волохов бастаған ұйымға 11 елден 4 млн. артық жасөспірім мүшелік етеді. Араларында ҚР белсенді өрендері де бар. 17 жыл бұрын отандық ” Жандостар” бірлестігі халықаралық одақ құрамына кіріпті.

 

Алексей Волохов, балалар қоғамдық бірлестіктерінің халықаралық одағының төрағасы, Мәскеу қаласы, РФ:

– ТМД елдеріндегі ең ірі балалар ұйымы саналамыз. Мақсатымыз жасөспірімдердің қозғалысын жандандырып, игі бастамаларына демеу беру. Достыққа үндеп, елжандылыққа тәрбиелеу. Ұлттық құндылықтар, төл тарихы мен ана тілін, дінін, мәдениетін салтын ұмытпай, жаңғыртуға үлес қосуға шақырамыз.

 

Ел игілігіне жарар өңір жастарының инновациялық жобаларын қолдап, ұшқыр бастамаларын жетілдіре түсуге облыс қазынасынан 5 млн теңге бағытталыпты. Алексей Волохов Самат Ескендіровке өскелең ұрпақтың салиқалы тәрбиесіне үлес қосқаны үшін халықаралық ұйымның төс белгісін табыс етті. Өңір жетекшісі 23 жылдық тарихы бар бірлестіктің үздік белгісін иеленген 9-шы адам екен. 2 жыл бұрын Елбасының бастамасымен елімізде “Жас Ұлан” Бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы” ҚБ құрылған болатын. Оған қатарластарына үлгі болар 500 мың қазақстандық оқушы мүшелік етеді. Оның 11,5 мыңы оқуында озат, спортта алғыр, қоғамда белсенді өлкеміздің ұландары.

Ашық диалогта жасұландықтар өңір жетекшісінен өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды.

Оқушылар құрылысы басталған жастар үйі мен спорт сарайының қолданысқа тапсырылу мерзімін сұрастырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Әр өңірде жастар үйін құру бұл Елбасының тапсырмасы. Жобалық-сметалық құжаты әзір. 2014 жылдың соңына дейін құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Онда барлық балалар ұйымдарына орын табылады. Спорт сарайының бірінші құрылыс кезеңі 2014 жылы игеріледі. 2015 жылдың ортасына дейін қолданысқа береміз.

 

Ашық диалог интерактивті түрде өтті. Оған онлайн режимінде №41 мектеп оқушылары қатысты.

Жиын соңында балалар қоғамдық бірлестіктерінің халықаралық одағы мен «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігі өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойып, бірқатар келісімге тұрды.

 

Жеңіс Ермұқанов