Құқық қорғау органдары

Бірлесіп арақ ішу адам өлімімен аяқталды

 

 

22 қарашада Қызылжар аудандық ІІБ-не Бугровое селосындағы үйлердің бірінде әйел адамның мәйіті табылғаны туралы хабар түседі. Оқиға орнына жеткен арнайы жедел-тергеу тобы тексеріс жүргізіп, нәтижесінде, әйел адамның жыныстық сипаттағы зорлық әрекетінің салдарынан көз жұмғандығы анықталады. Жәбірленушіге дер кезінде медициналық көмек көрсетілмей, ол көп қан жоғалтқан. Полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарын сұрастыру барысында, жәбірленушінің соңғы кездері осы ауылдың бір тұрғынымен жиі көңіл қосып жүргені туралы ақпарат алады.

 

Әлия Жүсіпова, Қызылжар ауданы ІІБ аға тергеушісі:

-Оқиға орнына шыққан жедел тергеу тобы мәйіттің зорлықпен өлтірілгендігін анықтады. Қылмысқа күдікті ретінде аталған ауылдың 54 жылғы туған тұрғыны қамауға алынды.

 

Қылмыстық әрекетке барған 59 жастағы ауыл тұрғыны өз кінәсін мойындады. Күдіктінің айтуынша, сол күні жәбірленушінің үйінде онымен бірге, тағы екі ер адам ішімдік ішкен. Отырыс кезінде әйел намысына тиген көрінеді. Оған шыдамаған күдікті жолдастары кеткен соң шыны бөтелкемен періп жіберген.

Күдікті бұрын сотты болмаған. Ал, қазіргі уақытта ол аудандық ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Айыбы дәлелденген жағдайда ер адам сегіз жылдан он бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бану Ахметова