Жиынға қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш ұйым өкілдері, «Жас Отан» жастар қанаты мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты. Олардың басын біріктірген негізгі мәселе – көшбасшы партияның 15-съезінде қабылданған доктрина. Алқа отырысында құжаттағы басымдықтарды жүзеге асыру жолдары жан-жақты талқыланды.
Владимир Витченко, “Нұр Отан” партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
-Алдымызда тұрған негізгі міндет – «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру. Бұл тұста партия мүшелеріне артылатын жүк ауқымды. Оны партияның 15-съезінде Ұлт көшбасшысының өзі атап көрсеткен болатын. Бұл ретте жаңа доктрина да қабылданды. Ондағы міндеттемелер басты құжатты жүзеге асыруға жол сілтейді. Тапсырманы әр тұрғынға жете түсіндіруіміз керек. Бұл жолғы жиын мақсаты да осы.
Көшбасшы партияның саяси доктринасы жеті басымдықты қамтиды. Ол елдің дамуы, патриотизм, ұлтаралық татулық, тұрақтылық, ұлттық құндылықтар мен мәдениетімізді одан әрі дамытуды меңзейді. Соларды орындау арқылы біз елімізді жаңа белеске шығара аламыз дейді жиынға қатысушылар.
«Қазақстан-2050» стратегиясында негізгі басымдық -адами капиталды дамыту деп белгіленген. Себебі әр мемлекеттің басты байлығы сол жерді мекендеген халқы. Оның Қазақстан үшін алар орны ерекше өйткені еліміз көпұлтты. Ал нық орнаған ұлтаралық татулығымыз болса бүгінде барша әлемге өнеге болуда. Осы құндылығымызды одан әрі де дамытуымыз керек. Оған доктринада да айрықша назар аударылған. Тапсырмаларды жүзеге асыру баршамызға ортақ міндет дейді жиынға қатысушылар.
Самат Есмағи