Қоғам

Имамдар білім жетілдірді

 

 

Сансызбай Шоқанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі:

-Қазір ақпарат кеңістігі ашық. Қазағымыз егемендік алғаннан кейін есік айқара ашылған кезде таза ауамен бірге шаң-тозаң да кіріп келді. 46 конфессияны әрең дегенде 17-ге түсірдік. Сондықтан, әрбіріміз хақ дініміз Исламның өзге діндерден айырмашылығын білуіміз керек. Өйткені, қазақтың қаракөз балалары, мейлі, ұйғыр, өзбек жалпы мұсылманның балалары дінді түсінбегендіктен өзге дінге өтіп кетіп жатыр.

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілінің айтып тұрғаны – жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған секталар. “Қой терісін жамылған қасқырлар” бауырлас бүкіл түркі ұлтының жанұясын жылатты. Баласын әкесіне қарсы қойды. Оның салдары – бауыр еті балалары әке-шешесінің басын төрге сүйреудің орнына көрге сүйреді. Дәстүрлі дін өкілдері мұның бәрі хақ дініміз исламды өзге ағымдардан ажырата алмаудан туындап отырған мәселе деп отыр.

 

Сансызбай Шоқанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі:

-Бұл нәрсе Өзбекстанда, Тәжікстан, Қырғызстанда да болды. Ауғанстанның да тас-талқанын шығарды. Талибанды дін дұшпаны деп арамызда іріткі салды. Соның кесірінен Тәжікстанда ұрыс болып, 300 мың адам өлді. Экономика құлады. Тәжіктің қыздары 2 қап ұнға сатылған. Өзбекстанда не болды. Міне, осының бәрін көрдік, енді халықтың алдын алған жақсы. Қазақта ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде деп бекер айтпаған.

 

Бұл 2 күндік семинар ауыл-аудан имамдарына арналған. Олар танымдық дәрісті тыңдағаннан кейін тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасап, түсіндіру жұмыстарына екпін беру керек деген ой түйді. Әсіресе, шалғайдағы елді мекен тұрғындарын дінге қатысты адал мен арамның ара жігін ажыратуға үйретеміз деп отыр. Тек бұл жерде олардың ауылдағы имамдардың жетіспеушілігі мен жастардың жай жүргені толғандырады.

 

Сейфолла Бейсенбаев, “Жұманқожа” мешітінің бас имамы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Бізді ауданымызда дін ілімін үйрететін азаматтардың жоқтығы толғандырады. Кәрі-жас дін жағынан білімдерін арттырғысы келеді. Ілімі жоғары адамдарға барып үйрену үшін қаражат жетпейді. Мен оларды осы семинарға үйренсін деп ертіп әкелдім. Сондай-ақ, біз өзіміздің көкейімізде жүрген және халықтың көбінесе сұрап жүрген сұрақтарын өзімізден де жоғары діндарлардан сұрап білеміз.

 

Дәстүрлі дін өкілдері ЖОО  студенттеріне де қоғам арасында іріткі салып, әбігерге түсіріп жүрген қаскөйлердің әрекетін түсіндірмекші. Өйткені, зымияндар көбінесе бұғанасы қатпаған жастарға ауыз салуда.

 

Кенжетай қажы Дүйсенбай, ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

-Жастарға дәстүрлі ата-бабамыздың сан ғасырлардан бері қалыптасып, ханафи масһабын ұстанып келе жатқан асыл дінімізді жеткіземіз. Және кейбір ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді айтып өтеміз. Дін мен дәстүр бір-бірімен біртұтас. Қарап отырсаңыздар біздің кейбір салт-дәстүрлеріміз ислам дінінің әдет ғұрыптарымен біте қайнасып кеткен. Қазір кейбір ағымдар тек құран не сүннетпен ғана жүреміз деп, өзіміздің жергілікті салтымызды мойындамай отыр. Осының барлығын біз конференцияда жастарға түсіндірмекпіз.

 

Ел болам деген ұлт қашан да тілі, діні мен ділін мықтап сақтайды. Бұл жағынан келгенде иммунитетіміз әлсіздеу болып тұр.

 

Берік Қасен