Мәдениет

“Движение” тобының бишілері Астанадан 7 бірдей кубок алып қайтты

 

Халықаралық “Просторы вдохновения” атты фестиваль-конкурсына өңіріміздің “Движение” би ансамблінен 42 қатысушы барған болатын. Сайыстың ережесіне сәйкес ұжым қазіргі заманғы хореография мен эстрадалық биді ұсыныпты. Фестивальде топ жарған 11 жасар Варвара Шевченко  ән шырқаумен 4 жылдай айналысса, би өнерімен көрермендерін тамсандырып жүргеніне 7 жылдың жүзі болыпты.

 

Варвара Шевченко, жүлдегер:

– Шығармамның аты “Я маленькая балерина”. Қазылар алқасы сахна төріне шыққан кезімде маған күлімсіреп қарады. Мені өзімнің ұжымым қолдап, демеп отырды. Еш қиналған жоқпын, әрине жеңіл болды деп айта алмаймын, бірақ та мен өз міндетімді толықтай атқарып шықтым.

 

Ал Алексей Кишконың бимен шұғылданғанына көп уақыт болмаған. Бірақ жарыста ол жұлдыздай жарқырады. Алексей хореографиямен айналысу дененің бұлшық еттерін ширатады дейді.

 

Алексей Кишко, жүлдегер:

– Біз Астана қаласында өткен конкурсқа барып келдік. Онда көп адамдар қатысты. Біздің өнерімізге барша көрермен тәнті болып қол соқты.

 

Халықаралық фестивальге жерлестеріміз әр номинация бойынша 2 нөмірден апарған екен. Шет елдерден келген сайыскерлердің арасында топ жару оңайға соқпады дейді ансамбль жетекшісі.

 

Елена Сахарчук, “Движение” ансамблінің жетекшісі:

– Біз конкурсқа жіті дайындалдық. Онда 2 номинация бойынша, яғни үлкен және кіші құрамда өнер көрсеттік. Барлығы 10 нөмірімізді ұсындық.

 

Ұжым келесі жылы Санкт-Петербург қаласында өтетін халықаралық конкурсқа жолдама алды. Айта кететін жайт биыл ансамбльдің құрылғанына 33 жыл толып отыр.

 

Бақыт Сәдуақасов