ТКШ

Тұрғындар аулада құрылыс салуға қарсы

 

Негізі тұрғындар бұл жерде банк ғимараты салынатынын естіген. Бірақ, нақты ненің тұрғызылатынын ешкім келіп ашығын айтпапты. Бұл жердегі ағаштар кесіліп, қарашаның 19-ынан бері тұрақты айналдыра темір бағаналар қағыла бастады. Егер дәл осы жерде ғимарат пайда болса, аулаға кіру жағы машақатты болмақ. Баспана иелері аулаға жедел жәрдемнің, өрт сөндірушілердің өтуіне мүмкіншілік болмай қала ма деп алаңдауда.

 

Василий Литвинов, Бостандық көшесі, 17 үй тұрғыны:

– Мен бұл үйде 43 жыл тұрып жатырмын. Автокөлік тұратын жерді қала әкімдігі сатып жіберген. Құрылыс жұмыстарын тоқтатып, жерді мемлекет меншігіне қайтарылғанын қалаймын.

 

Тұрғындар мән-жайды білу үшін қалалық әкімдікке хабарласқан, бірақ анық жауап ала алмапты. Осы жердің иесі халыққа, тіпті учаскелік инспекторге де тиісті қағаздарды көрсетуден бас тартқан.

 

Валентина Сусликова, Бостандық көшесі, 17 үй пәтер иелері кооперативінің қызметкері:

– Тұрғындардан ешкім рұқсат сұраған емес. Орамда ғимарат тұрғызатын болса, балаларға ойнайтын жер қалмайды. Пәтер иелерінің барлығы қарсы.

 

Тұрғындар жер заңсыз сатылды деп байбалам салуда. Оны анықтау үшін Петропавл қалалық әкімдігінің жер қатынастары бөліміне барып қайттық.

 

Тілеубай Есжанов, Петропавл қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– Аталған учаске 2006 жылы жеке меншікке заң жүзінде сатылды. Кейін ол бірнеше мәрте саудаланған. Сөйтіп 2013 жылдың тамызында жаңа иесі пайда болды. Бұл жерде кеңсе орталығы, дүкен, дәмхана салынуы тиіс болатын.

 

Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының да заңға сәйкес жүріп жатқан жайы бар.

 

Денис Бредников, Петропавл қалалық әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Сәулеттік жоба-сметалық құжат берілгенімен, құрылыс жобасы ұсынылған жоқ. Ал темір бағаналарға келсек, жер иесі участкіні қоршауға міндетті.

 

Құрылыс жұмыстарын бастап кеткен кәсіпкер осы маңда жайқалып жапырақ жайып тұрған он шақты ағашты тамырымен қопарып тастаған. Алайда, бұл әрекеттің қаншалықты заң аясында жүргізілгенін анықтай алмадық. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне телефон соқанымызда, тұтқаны ешкім көтерген жоқ.

Амалы таусылған пәтер иелері 90 пәтерлік 3 үйдің барлық тұрғындарының қолтаңбалары қойылған хатты прокуратураға жолдамақ. Жұрт бұнымен де тоқтамай, сотқа шағымдануға белді бекем буып отыр.

 

Нұрбек Нәбиев