Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есіл ауданы әкімінің баспасөз мәслихаты

 

 

Агроөнеркәсіп кешені оң жолға қойылған Есіл ауданының өткен 10 айдағы ішкі өнімі 15 млрд 200 мың теңгенің үстіне шығыпты. Өндіріс көлемі 1,5 млрд теңгеге жуықтаған.

 

Мұратбек Әбішев, Есіл ауданының әкімі:

– Тауар айналымы 31,3% артып, 1 млрд 847 миллион теңгеге жетті. Өткен 10 айда 4 шағын және орта бизнес субъектісі іске қосылды. Жаңадан 20 жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін тағы соншасын ашу көзделген.

 

Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы да аудан басшысының жіті бақылауында. Ауқымды баяндамада жыл бойы тындырылған игі істер тізілген. Алайда қордаланып қалған мәселелер де жоқ емес. Туу көрсеткіші артып, ана өлімі тіркелмеген. Сөйте тұра халық саны 2 мыңға жетпейтін бірқатар ауылдың дәрігерлік амбулаториясы жабылған. Енді ондағы  тұрғындарға  тек жедел жәрдем бригадасы медициналық қызмет көрсетеді. Бұнысы түсінікті. Денсаулық саласының соңғы реформасына сәйкес.

 

Ләззат Салықова, “Қазақстан-Петропавл” телеарнасының тілшісі:

– Бұрындары аудан орталығы болған Корнеевка селосының 2 мыңнан артық тұрғыны бар. Ондағы дәрігерлік амбулатория жабылады деген сыбыс шықты. Маңайдағы ауылдардың 7 мыңнан астам тұрғыны да сол емдеу мекемесіне қарап отыр. Жұмысы тоқтатылса, 17 маман табыс көзінсіз қалады.

 

Мұратбек Әбішев, Есіл ауданының әкімі:

– Корнеевкада 10 орындық тәуліктік стационар жұмыс істейді. Оны ұстап тұруға бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Сондықтан жұмыс орны қысқартылады. Бірақ амбулатория жабылмайды. Тек стационар күндіз ғана жұмыс істейтін болады. Мәселеге нүкте қойылған жоқ. Қазір оны сақтап қалу үшін келіссөздер жүргізіліп, түрлі амалдар қарастырылып жатыр.

 

Жыл басынан еңбекке жарамды 1700 жұмыссыз екі қолға бір күрек тауыпты. Алайда күнделікті тауып жүрген тұрақты нәпақасынан айырылғандар да баршылық.

 

Ирина Панфилова, “МТРА” тілшісі:

– Біздің арнаға “Санат СК” ШҚ бұрынғы жұмысшылары көмек сұрап келді. Бұйымтайлары –   жалақы мәселесі. Серіктестік жетекшісі айлап атқарылған шаруаның құнын төлемеген. Еш табыс көрмегесін жұмыстарын тастап кеткен. Соттың шешімі бар. Деседе бұрынғы басшылары берешекті жабудан бас тартыпты.

 

Мұратбек Әбішев, Есіл ауданының әкімі:

– 46 құрылтайшы серіктестіктің құрамынан шықты. Сот жұмысшылардың қарызын төлесін деген шешім шығарды. Бүгінде бұл сұрақ толықтай жабылды. Агроқұрылым жетекшісінің есебіне сүйенсек берешек толығымен өтелді.

 

Биыл күре жолдарды жөндеуге 464 млн. теңге бөлінсе де көлік қатынау жағы әлсіреп тұр. Қаламы қарымдылар қатынау қиындығын да назардан тыс  қалдырмады.

 

Өмір Есқали, “Егемен Қазақстан” республикалық газетінің меншікті тілшісі:

– Бұлақ, Ақтас, Қарағай ауылдарына дейінгі жол өте қиын, ойқы-шойқы. Жиегін бұта басып кеткен. Әсіресе қыста қар құрсауында қалып жол қатынасы үзіліп қалады.

 

Мұратбек Әбішев, Есіл ауданының әкімі:

– Бұлақтан әрі Қарағай жаққа бюджеттен бөлінген қаржыға және жеке шаруашылықтардың күшімен 3 млн теңгеге жаптық. Келесі жылы тағы кірісіп, Ақтасқа дейін жөндейміз.

 

Елді мекендерде таза ауыз су мәселесі де тым өзекті болып тұр. 26 мың есілдік 58 ауылы бар 16 селолық округке шоғырланған. Елді мекендердің тек жартысының ғана орталықтандырылған тіршілік көзіне қолы жетіпті. Онда бар тұрғындардың 79 пайызы түтінін түтетіпті. Аудан жетекшісі тұрғыны аз ауылдарға жер асты суынан локалдық желі тартылады деп сендірді.

Алдағы баспасөз мәслихатында Жамбыл ауданының әкімі тікелей эфирде жолданған сауалдарға жауап қайтарады.

Жеңіс Ермұқанов