ТЖ

Жылу-электр орталығында жұмысшы қаза тапты

 

 

№2 Петропавл жылу-электр орталығында бүгінгі таңда 1,5 мыңға жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорын жұмысшылардың бәрін сақтандырған. Алайда ажал айтып келмейді. Қарашаның 15-де аталмыш орталықтың бір қызметкері мерт болды. Жапа шегуші қазандыққа отын жеткізетін лентаны алмастырып жатқан. Алайда ол 20 миллиметрге қиғаш тартылғандықтан жалғауға келмейді. Лентаны босату үшін слесарь шахтаға түскен кезде оны жолақ тартатын барабан басып қалған.

 

Виктор Бармин, №2 Петропавл жылу-электр орталығының директоры:

-Жігіттер оның дауысын естіп шахтаға түскен кезде жұмысшы шахта қабырғасы мен лента тартатын барабанның ортасында жатқан. Яғни барабан басып қалыпты. Одан алып шыққан кезде слесарь тірі болған. Алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Алайда жедел жәрдем  келгенше көз жұмды.

 

Мерт болған 52 жастағы Сергей Собалевскийдің жылу-электр орталығында еңбек еткеніне 20 жылдан асыпты. 4 санаттағы слесарь отын-транспорт цехындағы қондырғы жұмысына жауаптылардың бірі болған. Оқиға орын алған күні марқұм қазандыққа отын жеткізетін жолақты жөндеп жатыпты.

 

Виктор Бармин, №2 Петропавл жылу-электр орталығының директоры:

-Оқиғаға кәсіпорынның кінәсі бар-жоғы анықталып жатыр. Кәсіпорынды еңбекпен қамту орталығы мамандарынан құрылған арнайы комиссия тексеруде. Нақты қорытынды шамамен 10 күннен кейін белгілі болмақ. Негізінен біздегі жұмысшылардың бәрі сақтандырылған. Ол еңбек келісім-шартында бар.

 

Марқұмның денесін жер қойнына тапсыру қарашаның 18-де өткен. Жерлеу рәсімін жылу-электр орталығы өз мойнына алған. Айта кетейік, мұндай оқиға кәсіпорында соңғы рет осыдан 4 жыл бұрын тіркеліпті. Сақтансаң сақтармын деген қағида қашанда қаперіңізде жүргей.

 

Самат Есмағи