Мәдениет

“Сиқырлы кәмпит” кішкентай көрермендерге ұнады

 

“Волшебная Конфета” қойылымы кішкентай көрерменге адалдық пен арамдық, жақсылық пен жамандық, өтірік пен шындық жайынан сыр шертеді. Оқиға желісі бойынша түрлі қиындыққа тап болғанына қарамастан, бас кейіпкер зұлымдыққа қарсы шығып, достарын өлім аузынан арашалап қалады. Залға көптеп жиналған балақайларға әсіресе өрмекші торына шырмалған шегірткені құтқарып, өрмекшімен аянбай күрескен баланың ерлігі ерекше әсер қалдырды. Шегірткенің рөлі бұл жолы театрдың белді актрисасы Наталья Исаковаға бұйырған. Сондай-ақ, өнер иесі спектакль бойы дәрігер, қоңызды да өзі сомдап шықты.

 

Наталья Исакова, актриса:

-“Волшебная Конфета” спектаклін әзірлеуге 2 айдай уақыт кетті. Маған 3 рөл берілді. Қойылым балалардың көңілінен шықты деген ойдамын.

 

“Волшебная Конфета” қойылымы 3 жастан 13 жасқа дейінгі көрермендерге арналған. Қойылым балғындарға жақсылық пен жамандықты айырып, өмірде нағыз достықты бағалай білуге шақырады.

 

Спартак Рамазанов, Облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты:

-Биыл облыстық қуыршақ театры өзінің 24 театр маусымын ашты. Бүгінгі күні тағы да кішкентай көрермендердің құрметіне өзіміздің жергілікті театрда істейтін актриса Наталья Борисовна Гузеева өзі режиссер ретінде балалардың назарына “Волшебная Конфета” қойылымын ұсынып отыр.

 

Спектакль кішкентай көрерменнің жоғары бағасына ие болды. Жүздері балбұл жанған балғындар әдеттегідей, жағымды кейіпкерлерді қолдап шықты.

 

-Маған ертегі ұнады. Соңында достық жеңіп, әділдік орнады.

-Қойылым жақсы өтті. Бала өрмекшіні жеңіп, достарын құтқарды.

 

Алдағы уақытта қойылым қуыршақ театрында ғана емес, сонымен бірге қаламыздың балабақша, мектептері мен аудандарда сахналанбақшы.

 

Бақыт Сәдуақасов