Мәдениет

Орыс драма театрында – премьера

 

Спектакль оқиғасы шағын ғана қонақ үйде өрбиді. Оған келушілер ашық-жарқын мінезді қонақ үйдің иесі Мирандолинаны ұнатып қалатын. Осы жерді соңғы үш айдан бері мекен еткен граф Альбафьорита мен маркиз Форлипополи  – қыздың жүрегін жаулау үшін бақталасып жүрген жандар. Аталған қойылымды сахналау үшін театр ұжымы үш ай бойы дайындық жүргізген.

 

Тимур Кәрімжанов, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Ең алдымен, біздің көрермендеріміз бен әріптестерімді театр күнімен құттықтаймын. Бұл біз үшін үлкен мереке. Бүгін біз Карло Гальдонидің «Трактирщица» деген пьесасын қоямыз. Бұл спектакль арқылы негізінен әйелдің айлакерлігі, қулығы сияқты қылықтарын көрсетеміз. Оған жақсы дайындалдық деп ойлаймын. Көрермендер бағасын бере жатар.

 

Қонақ үйдің үшінші тұрғыны кавалер Рипафратт болса, жоғарыда аталған екі кейіпкерге мүлде қарама-қайшы. Жігіт әйелдерге аса сенімсіздікпен қарайды. Нәзік жандылардың айлакерлігінен сақтанып жүретін адам. Алайда ол да ақыр аяғында Мирандолинаға қалай ғашық болғанын білмей қалады. Спектакльді тамашалауға Қорған облысынан келген құрметті қонақтар қатысты. Комедиялық жанрда жазылған спектакльді актерлер барынша қызықты етіп ойнап шықты дейді көрермендер.

 

– Жақсы спектакль. Барлығы өз рольдерін ұтымды алып шықты. Жақсы дем алдым.

– Шын жүрегімнен театр ұжымын мерекелерімен құттықтаймын. Оларға шығармашылық табыс пен осындай жақсы спектакльдер тілеймін.

– Маған қойылым ұнады. Қызықты тұстары өте көп. Өте қызықты әрі көңілді өтті.

Әспет Әбдірешова