Бизнес және экономика

Теңгеге – 20 жыл

 

Еліміз егемендік алғаннан кейін, көп ұзамай 1993 жылы ұлттық валютамыз теңге де айналымға енгізілді. Алғашқы банкноттар Англиядан басылып шықты. Ал 1994 жылы алғашқы тиындар да айналымға жол тартты. Ақша Германияда жасалды.

Бүгінде төл теңгеміз әлемдегі тұрақты валюталардың біріне айналды. Сұранысқа да кеңінен ие. Дизайны мен қорғаныш қабаты жөнінен үздіктер қатарында.

Қазіргі күні өңірімізде теріскей тұрғындарына 18 банктің филиалы мен олардың 62 бөлімшесі қаржылық қызмет көрсетуде. Солардың бірі «АльянсБанк» филиалы.

 

Ринат Қожахметов, «АльянсБанк» АҚ СҚОФ директоры:

-Біздің банкімізде бүгінгі таңда 80 адам еңбек етеді. Олар тұтынушыларымызға қаржы қызметінің барлық түрін көрсетеді. Клиенттер саны жыл санап артқан сайын, оларға берілетін несие көлемі де ұлғайып келеді. Тек осы жылдың 9 айының өзінде тұтынушыларымызға үлестірілген несие көлемі 6 миллиард теңгені құрап отыр. Әріптестерімді төл теңгеміздің 20 жылдығымен құттықтаймын. Баршаңызға қажырлы еңбек, отбастарыңызға амандық тілегім келеді. Ұлттық валютамыздың тұғыры биіктей бергей.

 

Жалпы үстіміздегі жылдың 9 айында өңіріміздегі банк филиалдары тұрғындарға 79 миллиард теңгенің несиесін берсе, оның 23 миллиардын ауыл-село тұрғындары алған. Ипотекаға бағытталған қаражат 5 миллиард теңгенің үстінде. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Банкирлер теңгенің құнсыздануы мүмкін деген алып-қашпа әңгімеге халықтың еш алаңдауына негіз жоқ дейді.

Өңіріміздегі 18 банк филиалының ахуалы бір қалыпта. Жыл соңына дейін тағы бір қаржы институты өз бөлімшесін ашпақ облыс орталығында. Банктердің көбеюі өзара бәсекелестік тудыруға мүмкіндік береді. Ал одан қарапайым халық ұтпаса, ұтылмасы анық дейді қаржыгерлер.

 

Самат Есмағи