Салық басқармасы

Кәсіпкерлерге салық төлеу тәртібі түсіндірілді

 

Татьяна Ночевнаяның “Биғайша” сауда үйінде шағын асханасы бар. Ол 22 жыл бойы жеке кәсіпкерлікпен айналысады екен. Бұрындары патент негізінде жұмыс істеп келген кәсіпкер 3 жыл бұрын салық төлеудің жеңілдетілген тәртібіне көшкен. Соның негізінде жеке ісін дөңгелетіп отырған Татьяна есепті тоқсанына бір рет, осы жолы үстіміздегі айдың 15-інен кешіктірмей тапсыруы тиіс екен. Есеп тапсырудың тетіктерін Татьяна Ночевная осындай семинарлардың бірінде білген.

 

Татьяна Ночевная,  “Татьяна” шағын дәмханасы” ЖК жетекшісі:

– Өз басым салық салудағы заңнама өзгерістерін салық. кz сайтынан қарап бақылап жүремін. Қоғамдық орындарда тамақтануға қатысты жыл басталысымен көп өзгерістер пайда болады. Мен түсінбеген ақпараттарды осы жерге келіп арнайы мамандардан білемін. Семинардың бір артықшылығы мамандармен көзбе-көз жүздесіп, бәрін бүге-шүгесіне дейін біліп аламын. Сондықтан салық салу кезінде қиыншылықтарға тап болмаймын.

 

Жыл басынан салық басқармасының мамандары түрлі тақырыпты қамтитын 100-ден аса жиын өткізген. Оған серіктестік басшылары мен жеке кәсіпкелерден басқа, түрлі ұйымдардан білімін жетілдіргісі келген есепшілер де келеді. Любовь Хренова бухгалтерлік салады 40 жылдан аса еңбек етеді. Есепші осындай жиынға үшінші рет қатысып отыр.

 

Любовь Хренова, «Садаков В. Г.» ЖК бухгалтері:

– Бір қиыны, жыл басталса болғаны, салық жүйесінде қандай да бір өзгерістер пайда болып жатады. Оған қайта икемделіп, кей кездерде құжаттарды ауыстыруға тура келеді. Жаңалықтың көптігі соншалық, салық басқармасының арнайы сайтынан қарап отырамын. Шынымды айтсам, кейде түсінбей де қаламын. Ең дұрысы осындай семинарларға қатысып тұрған жөн.

 

Жыл басынан кәсіпкерлер тарапынан жасалған заңға қайшы әрекеттерге қатысты 4000 әкімшілік материал қаралып, нәтижесінде 14 млн теңгенің салығы қазынаға түспей қалғаны анықталды. Оған қоса 2000 заңды тұлға уақытында есеп бермепті. Салық басқармасының мамандары бұл келесіздіктер  ақпаратты толық түсінбеуден туындайтынын айтуда.

 

Ғалия Жүсіпова, Петропавл қаласы бойынша салық басқармасы басшысының орынбасары:

– Шынтуайтында, салық салушыларға заңды бұзды деп қара күйе жақпаймыз. Олқылықтың бәрі осындай шараларға аз қатысудан, немесе жаңалыққа салғырт қараудан болады десем қате айтпаймын. Олар салықтағы түсінбеген нормаларын бізбен хабарласып, сұрауы керек. Ол үшін басқармамызда арнайы кабинет те бар.

 

Желтоқсан айында өтетін келесі кездесу 2014 жылғы салық заңнамасындағы өзгерістерге қатысты болмақ.

Берік Қасен