Билік

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы саяси кеңесінің отырысы

 

 

Ең алдымен жиналғандар алдында «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Төлеген Закариянов сөз сөйледі. Ол доктринаның тек партия болашағы үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды екенін атап өтіп, съезд кезінде партия төрағасы берген тапсырмаларға тоқталды. Сонымен қатар, отырыста қала басшысы шаһарда қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын сынға алды. Оның ішінде қаладағы балабақшалар құрылысы да бар. Төлеген Закариянов мектепке дейінгі нысандардың құрылысына қаржы тиімді жұмсалмайтынын айтты.

 

Төлеген Закариянов, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы, Петропавл қаласының әкімі:

-№ 43  мектептің жанындағы балабақша құрылысын алайық. Не деген сұмдық. Айналасында үйлер, әлеуметтік нысандар қаптап тұрған жерге жылу трассасын салу үшін тек 120 млн теңге қажет екен. Ал телекоммуникация желілерін өткізуге – ол дегеніміз бір ғана кабельді тартуға 16 млн керек дейді. Мен біздегі жүргізіліп жатқан жұмыстарды көршілес Көкшетаудағы балабақшалар құрылысымен салыстырдым. Олардағы жұмыстар бізге қарағанда екі есе арзанға бағаланған.

 

«Нұр Отан» партиясының 15-ші съезінде жаңа эмблемасы мен билеуші партияның докртинасы қабылданды. Тұжырымдамалық құжат 2050 жылға дейінгі стратегияны іске асырудағы партия рөлін айқындайды.

 

Александр Казанцев, қалалық мәслихат депутаты:

– Бұл құжат патриотизмді дамытуға септеседі. Ендігі жерде көптеген мәселелер жергілікті жерде шешімін табатын болады. Айталық кей салық түрлері ауылдық әкімдіктерге беріледі. Атқарушы органдарға берілетін барлық маңызды тапсырмалардың қадағалануы – өзін-өзі басқаруды арттыруға септеседі. Біз осылайша бірлесіп, ел экономикасын, кәсіпкерлікті жақсартуға үлес қосамыз.

 

Қазақстан жастарының алдында заманға сай бәсекеге қабілетті болу мақсаты тұр. «Жас Отан» ЖҚ мүшесі, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 3 курс студенті Азамат Шаймерденов те 15-съездің делегаты. Ол бүгіндері мемлекет тарапынан жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, кейінгі буын өкілдерінің алдында ашылған мүмкіндіктер жайлы айтып кетті.

 

Азамат Шаймерденов, «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі, студент:

– Қазір екі жобаны жүзеге асырудамыз. Оның бірі «Сәтті қадам» деп аталады. Біз ЖОО бітірген жандарға мемлекеттік органдарда жұмыс табуға көмектесеміз. Бұдан өзге бізде жастарға кеңес беретін орталық бар. Онда мәселесін арқалап келген жас азаматқа кеңес беріп, көмек қолын созамыз.

 

Саяси кеңесті қорытындылай келе, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Төлеген Закариянов партия мүшелерінің саяси әлеуеті съезде қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталатындығын айтты.

 

Мағжан Ахмадина