Денсаулық сақтау

Елімізде 7 мыңға жуық адам донорлық органға мұқтаж

 

Аслан Танақұловтың жасы 35-те. Тепсе темір үзетін жігітке осыдан 1,5 жыл бұрын өңір дәрігерлері бүйрек   жетіспеушілігі диагнозын қойыпты. Сөйтіп, Асланға биылғы жылы мамырдың 14-інде алматылық дәрігерлер бүйрегін ауыстыру бойынша ота жасаған. Қазіргі уақытта жерлесіміз өзін жақсы сезінеді.

 

Аслан Танақұлов:

– Маған арнайы квота бойынша ота жасалды. Бүйрегімді ауыстырғаныма жарты жыл болып қалды. Ота 3,5 сағатқа жуық созылып, сәтті аяқталды. Кейін, бір ай ауруханада жаттым. Бастапқыда бүйрегім өзімдікі емес екендігін сезініп жүрдім. Қазір үйреніп алдым. Жағдайым да жаман емес.

 

Бүгінде Қазақстан бойынша жеті мыңға жуық адам әртүрлі ішкі ағза мүшелерін ауыстыруды қажет ететін ота жасау бойынша кезекте тұр. Оның ішінде үш мың адам бүйрек ауыстыруға мәжбүр болса, бір мыңнан аса тұрғын жүрек пен бауыр трансплантациясына зәру. Ал, донорлық органның жетіспеушілігінен елімізде жыл сайын 80-ге жуық адам көз жұматын көрінеді. Қазіргі таңда Қазақстанда ішкі ағзаларды алмастырумен 7 емхана айналысады екен. Жыл басынан елімізде 55 азаматқа ота жасалды.

 

Жұлдыз Әпешева, «Медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау» РҚБ мүшесі:

– Еліміз бойынша осымен 6 дөңгелек үстел өткіздік. Тақырыбы “Донорлықты насихаттау”. Мақсатымыз – осы проблеманың өңірімізде қаншалықты өзекті болып отырғандығын БАҚ өкілдері арқылы тұрғындарға жеткізу.

 

Негізінде бір адамның донор болуға келісуі жаны қиналған жеті ауруды сырқатынан айықтыруға жеткілікті екен. Бірақ, қайтыс болған туыстарының ағзаларын беруге немесе көзі тірісінде дене мүшелерін өзге сырқаттарға аманаттап кетуге біздің қоғам даяр емес екендігі айтылды жиында. Бұл мәселеге қатысы дөңгелек үстелге жиылған дін өкілдері өз ойларын білдірді.

 

Айбек Сайдалин, “Қызылжар” орталық мешітінің найб имамы:

– Егерде ішкі ағзаға мұқтаж адам болса, онда дінде оған рұқсат етілген. Егер ақшадан қысылып сататын болса, онда оған рұқсат жоқ.

 

Дінде ғана емес, ішкі ағзаларды сатуға заңмен да тыйым салынған.

 

Бану Ахметова