Мәдениет

СҚО әкімінің кубогына КТК халықаралық фестивалі

 

Қарашаның 8-і – халықаралық КВН күні. Көңілділер мен тапқырлар клубтарының арасындағы үлкен фестиваль осыған орай ұйымдастырылды. Ойынға әдейілеп алыстан ат терлетіп келген Ресейдің Уфа қаласының құрамасы жергілікті көрерменді күлкіге тойдыруды мақсат еткен. Осыған дейінгі туған өлкелерінде өткен КВН ойындарында бас жүлдені қанжығаларына байлаған меймандар осы фестивальде де жеңістен дәмелі.

 

Антон Гласков, Анвар Ижбердин, “Сборная Уфимского” құрамасының мүшелері:

-КВН – ең біріншіден біздің ермегіміз. Әзілге өзіміз бала кезімізден әуес болдық. КВН сахнада ғана емес, сондай-ақ күнделікті өмірде де аса қажет. Петропавл тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлаймыз деген үміттеміз.

 

Петропавл Әскери институтының намысын арқалап келген Ғазиз Ахмаровтың көңілділер мен тапқырлар клубында ойын көрсетіп жүргеніне 4 жылдың жүзі болыпты. Курсанттардың әзілдері де негізінен әскери өмірдің қызығы мен шыжығы жайлы болды.

 

Ғазиз Ахмаров, “Рожденный Команда” құрамасының мүшесі:

– Біз Петропавл қаласының әскери институтының командасы болып келеміз. Негізі өзім Алматы қаласынан келіп оқып жатырмын. Жалпы біздің команда әр қалалардан жиналған. Осы әскери институт атынан ойнаймыз. Мектепте оқып жүрген кезімде КВН-ға қызыққанмын, институтқа түскеннен кейін КВН үйірмесі болды, соған өзім қатыстым.

 

Осылайша, 2 сағаттан аса уақыт бойы ойынға келген көрермен бірде күлсе, бірде әзілдерді түсінбей жатты. Сахнаға алғаш болып шыққан өңір командалары көрермен көңілін баурай алмаса да Көкшетау, Астана, Теміртау қалаларынан келген ойыншылар жұртшылықтың езуін жиғызбады. Әсіресе сергіту сәтінде құрамалар мезетінде әзіл құрып, жиналғандарды күлкіге қарық қылды. Сөйтіп, фестиваль қорытындысы бойынша 1-орынға Қорған облысынан келген “Полюбви”, 2- орынды “Уфа құрамасы” иеленсе, үздік үштікті теміртаулық “Сұлтан Великолепный” құрамасы тұйықтады. Бас жүлде мен облыс әкімінің кубогын Ақмола облысының Көкшетау қаласынан келген “Агрохимка” командасы еншіледі. Барлық командаларға дипломдар мен демеушілердің бағалы сыйлықтары тарту етілді.

 

Бақыт Сәдуақасов