Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекет пен жеке меншік арасындағы әріптестіктің тиімділігін арттыру

 

Мемлекет пен жеке сектордың арасындағы байланыс. Ол қандай да бір жобаны жан-жақты қарастырып, екеуара қыржыландыру және бірлесіп жүзеге асыруды көздейді. Біздің өңірімізде бұл міндетті “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жүзеге асыруда. Соңғы екі жылдың ішінде теріскейлік кәсіпкерлермен бірге 17 жоба іске асырылыпты. Оған жекеменшік капиталдан бағытталған қаржы 550 миллион теңгенің үстінде. Қомақты сома құйғандардың бірі “Петерфельд агро” серіктестігі. Олар бүгінгі таңда етті және сүтті ірі қара басын дамытуды қолға алды.

 

Нұрлан Омаров, “Солтүстік ӘКК ҰК” АҚ басқарма төрағасы:

-Біз серіктестікке 237 миллион теңгеге жуық қаржы бөлдік. Олар өз қаражаттарын қосып “Симментал” тұқымды етті және сүтті ірі қара сатып алды. Қарыз 5 жылға берілген болатын. Оның қайтарымы туралы арнайы келісім-шарт жасасып, төлем кестесі бекітілді. Бүгінде туындап жатқан мәселе жоқ.

 

Мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестікті институционалдық және келісім-шарт секілді екі бағыт бойынша дамытуға болады. Алғашқысы кәсіпкерлікке басқару акциялары пакетінің белгілі бір мөлшерін беру, екіншісі мемлекет пен жеке сектор арасында келісім-шарт жасау арқылы жүзеге асырылады. Жаңа концепция негізінде қолданыстағы кәсіпорынды жаңғырту, мемлекеттік активтерді жеке кәсіпкерліктің қаржы айналымына қосу, өндіріске заманауи жаңашылдықтарды енгізуге қолдау көрсету, экономика саласындағы негізгі кластерлерді дамыту, шағын және орта кәсіпкерліктің жұмыстарын бір ізділікке түсіру, мемлекеттік институттар арқылы бизнес-жоспалардың ауқымын кеңейту секілді 8 бағыт көзделген.

 

Нұрлан Омаров, “Солтүстік ӘКК ҰК” АҚ басқарма төрағасы:

-Біз”Сыбаға” бағдарламасының өңірімізде тиісті деңгейде жүзеге асырылуына да атсалысып отырмыз. Бұл ретте мал аламын дегендерге бөлінген қаражат көлемі 110 миллион теңгені құрап отыр. Ол төрт түлік басын дамытуда 18 жоба жүзеге асырылады деген сөз.

 

Мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестік көкжиегін кеңейту экономикамыздың одан әрі өркендеуіне жол ашады. Одан халықтың әл-ауқаты артпаса, кемімесі анық. Жоба – сізден, қолдау – бізден. Бұл әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының ұраны.

 

Самат Есмағи