ТКШ

Энергетиктер қазған шұңқыр балалар емханасына он күн бойы кедергі келтірді

 

 

“СевКазЭнерго” АҚ қазанның 28-і күні қалалық балалар емханасы маңынан әкімшілікпен келіспестен әрі ескертусіз жер қазады. Мекеме алдында таудай болып үйілген құм аралас топырақ өткен-кеткенге кедергі келтірген. Мән-жайды білу үшін емхана заңгері Иван Балабанов “СевКазЭнерго” кәсіпорнына телефон соғады. Ондағылар бұл шұғыл қолға алынған жұмыс, 3 күннің ішінде аяқтаймыз деген. Бірақ, ол жер бірнеше күн бойы сол қозғаусыз күйінде жатыпты.

 

Иван Балабанов, қалалық балалар емханасының заңгері:

-Бүгін 11-ші күн. “СевКазЭнергоның ” әкімшілігіне талай рет сауал жолдадық. Бірақ, еш жауап берген жоқ.

 

Емхана қызметкерлері мен осында келетін ата-аналардың өкпелері қара қазандай. Сыртта езілген  балшық ішке кіруде. Ал, емдеу мекемесі үшін тазалық – бірінші орында. Екіншісі, балалар үшін қауіпті. Өйткені, олар байқаусызда орға құлап кетуі мүмкін.

Тек бүгін ғана МТРА-ның түсіру тобы келген кезде апаттық қызмет те іле-шала жетіп, шұңқырды апыл-ғұпыл жабуға кірісті.

 

Иван Балабанов, қалалық балалар емханасының заңгері:

-Өткен жылы өзіміз 100 мың теңгеден астам қаржыға асфальт төсетіп едік. Сол еңбегіміз зая кетпесе екен. Ол уайымымызды “СевКазЭнергоның” әкімшілігі түсінуге тиісті.

 

Апаттық қызметтің жұмысшылары жұртты әбден мезі қылған осы және тағы бірнеше шұңқырды жер астындағы желілерді жөндеу үшін қазып едік деп ақталды. Ал, осының кесірінен маңайдағы 3 бірдей үйдің тұрғындары жарықсыз отыр. “СевКазЭнергоның”мамандары ақауды іздеп-іздеп ақыры таба алмаған соң, жаңасын төсеуге кірісті. Қашан бітіретіндері белгісіз.

 

Данаш Хамзина