Қоғам

Аққайың ауданында шешімін таппаған мәселелер көп

 

Зейнеткер Екатерина Отт Смирнов ауылында 50- жылдан бері тұрып жатыр. Жасы 70-ті алқымдаған қария мынадай езілген жолдардан арбасын сүйреп, флягамен үйіне су тасуға мәжбүр. Бұл жерде адам түгіл, көлік те батып қалады. Әжей таза ауыз су қажет болғандықтан, осыннан аламыз, басқа амалымыз жоқ дейді. Ал, мұндағы колонканың істен шыққанына бірнеше күн болып қалыпты.

 

Екатерина Отт, Смирнов ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Мына сазға батып, арбамды зорға сүйреп, суға келдім. Ал, тіршілік көзі жоқ. Енді, қайда барарымды да білмеймін. Екі күннен бері су аққан жоқ. Ал, тіршілік көзі мұнарасы жұмыс істемейді. Одан тартылған екі колонкада да су жоқ.

 

Смирнов ауылындағы “Кардон” шағын ауданында 30 шақты үй бар. Екатерина Отт сияқты мұнда дені зейнеткерлер тұрады. Және мүмкіндігі шектеулі жандар. Осы жерде тіршілік көзі жеткізілетін жалғыз мұнара бар. Ол қазір апаттық жағдайда тұр.

6 жыл бойы бұл жердің тұрғындары су үшін адам басына 115 теңге төлейді. Ал, тіршілік көзін үйіне тартып алғандар үшін 1 текше метріне 124 теңге. Су мәселесімен тұрғындар көп есікті қағып, табан тоздырыпты. Жергілікті атқа мінерлер көмектесеміз деп құр уәдемен тойдырған көрінеді. Бірақ, баяғы жартас жол жартас күйіне қалып отыр.

 

Валентина Иванко, Смирнов ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Біз биылғы жылы аудан әкімінің орынбасары Жүсіповпен екі рет кездестік. Ол бізге 10 күннің ішінде су мұнарасын қалыпқа келтіруге кірісеміз деп уәде берді. Бірақ, 1 ай өтті. Өздеріңіз көріп тұрғандай, су мұнарасы сол қалпында, апаттық жағдайда тұр. Күн болса суытуда. Биылғы қыста да сусыз қалатын түріміз бар. Ал, біздің жан айқайымызды тыңдар ешкім жоқ.

 

Бұл маңның тұрғындарын тіршілік көзімен “Сергиенко” ЖК қамтамасыз етеді. Кәсіпкер барлығына тұрғындар кінәлі дейді. Өйткені бұған дейін мұнараның ішінде пеш пен жарық та болыпты.Апаттық жағдайға тұрғындардың өздері жеткізді дейді ол.

 

Елена Сергиенко, жеке кәсіпкер:

– Бұл мұнара менің жауапкершілігіме өткенде апаттық жағдайда болатын. Ішінде ештеңе болған жоқ. Дегенмен 4 жыл бойы тұрғындарға су беріліп келді. Тіршілік көзімен тұрғындарды қамту үшін барынша тырыстық. Сөйтіп, былтыр пеш пен жарық та орнаттық. Биылғы жазда осы жердің тұрғындары бәрін ұрлап алып кетті.

 

Енді бұл мәселені шешу үшін қыруар қаражат керек сияқты. Кезінде Смирнов ауылына су кіргізілгенде белгісіз себептермен осы шағын ауданға су құбыры тартылмай қалып қойған екен.

 

Елена Сергиенко, жеке кәсіпкер:

-Су бағдарламасы болғанда Смирнов ауылындағы су құбырына “Кардон” шағын ауданын жалғау үшін қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан бұл аудан бір бұрышта қалып қойды. “Есіл судан” тіршілік көзі мұнараға трасса арқылы өтеді. Егер қысым болмаса, тұрғындар осылайша сусыз отырады. Бұған мен кінәлі емеспін ғой.

 

Жеке кәсіпкер Смирнов ауданындағы су құбырын осы ауданмен жалғау үшін 7 млн теңге қажет дейді.

Бұл ауылда тек су мәселесі ғана емес, жол да  – өзекті проблемалардың бірі. Жыл сайын мұндағы автожолдарды жылдық жөндеуден өткізу үшін 8 млн 600 мың теңге қаражат бөлінеді екен. Аталған сома көшенің шұңқыр жерлерін жамауға ғана жететін көрінеді.

 

Болат Жақанов, Аққайың аудан әкімінің орынбасары:

-Жол туралы айтатын болсақ, бас сметалық жобалар жасалды. Ол жұмыстарды тағы да атқарайын деп жатырмыз .Қазір бұл жұмыс тоқтап қалды, бірақ, келесі жылы жалғастырамыз деген ойдамыз.

 

Ал, Трудовое селосының ахуалы бұдан да мүшкіл. Ауыл аудан орталығынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Жол бұл жерде де оңып тұрған жоқ.Ал, көшелер мүлдем жарықтандырылмаған.

 

Августина Смирнова, Трудовое селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Біз қараңғы жерде қалып қойған сияқтымыз. Көшені түнгі уақытта жарықтандырып тұратын шам жоқ. Ал, үйдегі жарықты да кейде сөндіріп қояды. Су мәселесі біз үшін бірінші кезекте тұр.

 

Бану Ахметова, тілші:

-Тіршілік көзі Трудовое селосының ғана емес, бәріне ортақ проблемаға айналған. Мынандай колонкаларды орнатқанмен, одан қайран жоқ. Су ақпайды.

 

3 баланың анасы Әсел Хадисова  мұндай жағдайда баланы өсіріп-жеткізу қиынға соғып отыр дейді. Және ішіп отырған судың санитарлық талаптарға сай келетініне де ол күмәнданады.

 

Әсел Хадисова, Трудовое селосының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Қыста суға қол жеткізу өте қиын. Бірнеше тәулік бойы су бермейді. Тіршілік көзі ақса да, лас, сап-сары.

 

Бұл мәселеге қатысты Григорьев ауылдық округының әкімі Қайрат Саменовке хабарластық. Өкінішке қарай, шенеунікпен тілдесе алмадық.

Аталған ауданда су, жол, жарық мәселесіне қатысты проблеманың бар екенін жергілікті басшылық жасырмайды. Керісінше шешуге әрекет етіп жатырмыз дейді. Ал тұрғындар шенеуніктердің бұл пікірімен келіспей отыр.

 

Бану Ахметова