Сот қызметкерлері белгілі бір санатқа байланысты істердің түсуі жыл сайын өзгеріп отырады дейді. Мәселен, соңғы уақытта жалақы қарызын өндіріп алу, жұмысқа қайта қабылдау мен коммуналдық берешекті төлету бойынша шағымдар азайыпты. Есесіне, тұтынушы құқығын қорғау туралы арыздар көбейе түскен. Өткен жылы осындай 77 талап қойылса, биыл 113-ке жетіп отыр. Бұл жерде медициналық қызмет көрсету жайында бөлек әңгімелеуді жөн көрдік. Қазақстан үшін халқының амандығы бірінші орында. Бұл мәселеге Елбасы ерекше мән беріп, дәрігерлерге үлкен сенім артады. Өкінішке қарай, медицина атасы – Гиппократқа ант берген ақ халаттылардан да ағаттық кетіп жатады. Соңғы уақытта мұндайды жиі еститін болдық. Бұдан дәрігердің пышағынан кейін қалай аман шығуды ойлап, уайымдайтын халге жеттік. Биыл №2 қалалық соттың қарауына денсаулыққа келген залал үшін моральдық және материалдық шығынды өтету туралы 5 іс түскен екен. Соның екеуі – Перинаталдық орталыққа қатысты.
Нүрия Малдыбаева, Петропавл қаласының №2 сотының төрайымы:
-Перинаталдық орталыққа қатысты бір азаматшаның арызы ішінара қанағаттандырылды. Оған көрсетілген медициналық қызметте кемшілік табылған. Салдарынан ол бала туу мүмкіндігінен айырылып отыр. Ол шығын ретінде сұраған 3 млн. теңгенің 350 мыңы өндірілді.
Екіншісінің ісі әлі қаралып жатыр. Денсаулығына орны толмас залал келтірілген ана енді бала көтере алмайды. Бұл – әйел үшін ауыр қайғы. Ол моральдық шығын ретінде 10 млн. теңге талап еткен.
Сондай-ақ, бірнеше петропавлдықтың сатып алған пәтерлерінен айрылып қалу қаупі де қоғамды алаңдатуда. Өйткені, олардың жасасқан келісімдерінің заңды күші жоқ.
Нүрия Малдыбаева, Петропавл қаласының №2 сотының төрайымы:
-Петропал қалалық сотында 2011 жылы Сейітов, Нұралин және Жумукова деген азаматтарға қатысты үкім шығарылған болатын. Өйткені, олар адамдардың сенімін өз мақсаттарында пайдаланып, заңсыз пәтер саудасымен айналысқан. Үшеуі де бас бостандықтарынан айрылды және олар жасасқан сатып алу-сату келісімдерінің күші жойылды. Енді, соңғы сатып алушылардың пәтерлерінен көшірілуі қарастырылуда.
Сот қызметкерлері қайталама нарығында пәтер саудасы ұтыс ойынына айналып бара жатыр дейді. Бұл жерде клиенттің барынша сауатты болуы да маңызды. Мамандар пәтерді алардың алдында оның меншік иесін біліп, саудаға жиі қойылғанына ерекше мән беруі керек дейді.
Данаш Хамзина