Қоғам

Саяжайшылар терек тоғайындағы ағаштардың кесілуіне қарсы

 

 

Маңайдағы тұрғындар мына тоғайды терек бағы деп атайды. Есіл өзені жағалауы мен саяжайлар аралығындағы ағаштардың жайқалғанына жарты ғасыр өтіпті. Табиғат аясында таза ауамен демалып, серуен құрушылардың сүйікті демалыс орны жуық арада құритын түрі бар. Бау-бақша иелері ағаштардың түбіне балта шабылып жатыр деп дабыл қағуда.

 

Анатолий Богинский, “Искра” саяжай серіктестігінің төрағасы:

– Ауасы таза болғандықтан, көбі осында демалуға келеді. Қыста шаңғышылар, жазда желаяқтар жүгіріп жаттығады. Саяжайшылар бірігіп қоқыстан арылтып, орманды таза ұстауға тырысамыз. Осыдан 15 күн бұрын ағаштардың кесіліп жатқанын көзім шалып қалды. Ескертуіме құлақ аспайды. Арам істерін доғаратын емес. Орманның көзін құртуға жақындады.

 

Кілең теректен тамыр жайған орманның ұзындығы 5 шақырым, ені 800 метрге дейін тарап кеткен. Бүгінде әр жерден кесілген діңгектер қаптап тұрғанын сырт көзбен байқау қиын емес. Бөренеленгендері тіркемеге артылып қойылыпты. Аралау жұмыстарын Қызылжар ауданына қарасты Белое ауылының “Грац” ЖК жүргізіп жатыр.

 

Анатолий Богинский, “Искра” саяжай серіктестігінің төрағасы:

-Рұқсат қағазын сұрағанымда бар деп жауап берді. Бірақ көрсетпеді. Кейін қалалық әкімдікке хабарластым. Онда да мардымды жауап қайтармады. Орманшыдан білейін дегенімде жұмысың болмасын бәрі заң жүзінде деп әңгімені қысқаша қайырды. Біріншіден, орман жойылып жатқасын алаңдаулымыз. Екіншіден, саяжайға өтетін жолды бұзып тастады. Көлік түгіл жаяу жүргіншінің   жетуі мұң болып тұр.

 

Шынымен де ағаштар заңсыз кесіліп жатыр ма? Мәселенің анық-қанығын білу үшін Қызылжар орман шаруашылығына қоңырау шалдық.

 

Жангелді Тлеуов, Қызылжар аудандық мемлекеттік орман шаруашылығы басшысының орынбасары:

-Заречныйда ағаш кесу санитарлық  тазалық шарасы бойынша  жүргізілуде. Бәрі заңды, бұтақтарды өртеп, аумақты тазартамыз.

 

Рұқсат болсын делік. Онда игі істің атына заты сай болуы керек емес пе? Санитарлық тазалыққа бірінші кезекте солып қалған ағаштар ілегеді. Алайда қурағандары орнында тұр. Құрт-құмырсқаға жем болмаған сау теректердің тамырына балта шабылып жатқанын қайтіп түсіндіруге болады? Бұталар кесілген жерінде үйіліп жатыр. Өздері шіріп құлағандары тіркемеге артылмаған.

 

Жеңіс Ермұқанов