Құқық қорғау органдары

Қаржы полициясы DVD-дискілер шығаратын астыртын цехты әшкереледі

 

 

Үстіміздегі жылғы қарашаның 4-інде DVD-дискілерді өндіретін астыртын цехты құрған азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің жасырын қызмет орнын тексеру барысында 2,5 мыңнан астам контрафактілік диск, 2 жүйелік блок, 2 түрлі-түсті принтер, дискіге арналған қаптамалар табылған. Осылайша заңсыз кәсіпкер авторлық және сабақтас құқықтарды бұзып, “Видео – Аудио – Меломан” ЖШС-не 2,4 млн. теңге шығын келтірген.

 

Нұрлан Жахин,СҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:

-Қаржы полициясы департаменті қызметкерлері қазан айының басында жедел іздестіру шаралары барысында Петропавл қаласының бір азаматының үйінен цех анықтады. Бұл цехтың негізгі жұмысын яғни ұйымдастырушы азамат дискілерді жасап, кейін сату үшін оларды дайындаған.

 

Сондай-ақ Ғ. Мүсірепов ауданының тұрғыны 902 дана контрафактілі дискі әзірлегені үшін заң алдында жауапқа тартылды. Сот шешіміне сәйкес, айыпты тұлға 150 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылуы тиіс. Оның мемлекетке келтірген залалының көлемі 800 мың теңге.

Нұрлан Жахин, СҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы:

– Әрине тәжірибе көрсетіп отырғандай, қылмыскер азамат зардап шегуші тарапқа толық шығынды өтесе, бұл қылмыстық іс қысқартылады.

 

Қаржы полициясы қызметкерлерінің айтуынша, көп жағдайда авторлық құқықты бұзған айыпты 100-ден 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Егер астыртын бизнестың салдарынан мемлекетке келтірілген шығын 2,5 млн. теңгеден асып кетсе, факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, айыпталушының бас бостандығы шектелуі мүмкін.

 

Бақыт Сәдуақасов