Спорт

Велошабандоздар кезекті маусымды қорытындылады

 

 

2013 жылғы спорт маусымында облыстың велоқұрамасындағы Арман Тулин, Богдан Гапотченко, Кирилл Вяткин, Александр Овсянников айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алды. Жасөспірімдер РФ, Өзбекстан және Қазақстанның бірқатар қалаларында велосипед спортының 4 түрі бойынша тек жүлделі орындардан көрінген. Сондай-ақ Кирилл Вяткин, Александр Овсянников Түркияда өткен халықаралық додаға қатысты. Ал, Богдан Гапотченко мен Арман Турлин 3-ші Еуразиялық ойындарда тамаша нәтиже көрсетіпті. Бір сөзбен айтқанда жасөспірімдер жалпы саны 44 жүлдені қоржынға салған. Оның 18-і алтын, 10-ы күміс, және 16-сы қола медаль.

 

Владимир Овсянников, велоспорттан БЖС олимпиада резерві мектебінің аға жаттықтырушысы:

-Біздің облыс үшін велосипед спортының маусымы сәтті басталды. Шымкентте 1-республикалық көктемгі критериум жарысында Ақберт Сыздықов 2-ші орын иеленді. Бұл жетістікті РФ-ң Анапа қаласындағы сайыста Арман Турлин, Александр Овсянников, Богдан Гапотченко мен Кирилл Вяткин қайталады.

 

19-23 жас аралығындағы спортшылар мен 23 жастан жоғары санатқа кіретін ересек спортшылардың жетістігі де қуантады.

 

Сергей Кручина, СҚО велосипед спортынан аға жаттықтырушы, ҚР еңбек сіңірген бапкері:

-Ақпан айында ересектерден жасақталған облыс құрамасы Ресейде үздік үш тұғырға көтерілді. Олег Земляков алтын алқа иеленсе, 2-ші орыннан Кирилл Пролубников көрінді, 3-ші орын Вадим Галеевке бұйырды. Наурыз айының басында Сергей Леднев халықаралық маңыздағы жетістікке жетті. Хорватияда өткен жарыста жерлесіміз 2-орынды иеленді. ҚР чемпионатында өңір құрамасы командалық жарыста қола жүлдені еншіледі.

 

Андерлер арасында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бахтияр Қожақтаев тау велоспорты классификациясында ең мықты велошабандоз деп танылған.

 

Берік Қасен