ТКШ

“Жасыл елдің” белсенділері аулаларды абаттандыруда

 

Жыл сайын өткізілетін “Таза подъезд – таза аула” экологиялық акциясына бұл жолы қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының 100-ге тарта студенті жұмылдырылыпты. Олар бүгін мына көпқабатты үйдің маңайын қоқыстан тазартып жатыр. Бұдан кейін «Жасыл елдің» белсенділері ағаш түптерін ағартып, балалар алаңқайларын боямақ. Сәкен Қадырбаев Петропавл теміржол көлігі колледжінің 1-курсында тәлім алуда. Акцияға алғаш рет қатысып отырған Сәкен осындай шаралар студенттерді қаланы тазартуға тартып қана қоймай, азын-аулақ напақа табуына да жақсы екенін айтады.

Ал Гүлжан Жетпісова “Жасыл ел” отрядының белсендісі. Ұйымға мүшелікке кіргеніне екі жылдың жүзі болған. Олар осы уақытқа дейін де қаланы абаттандыруға өз үлестерін қосыпты.

 

Гүлжан Жетпісова, “Жасыл ел” отрядының белсендісі:

– Біз қаламызды тазартып, абаттандыруға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бұндай акциялар жиі ұйымдастырылып тұрса жақсы болар еді. Студенттермен түрлі шараларға қатысып, туған өлкемізді көркейтеміз.

 

Былтыр дәл осындай акция барысында 10 подъезд жиналыпты. Биыл тазалық шарасы басталғалы үшінші аула қоқыстан арылуда. Жасылелдіктер мұнымен тоқтап қалмақ емес, әлі де болса, қаланы көркейтпек. Айта кетерлігі, «Жасыл ел» қатарында тазалық шарасына атсалысқан жастарға мұнда жалақы да төленеді. Мәселен, 2 күндік акцияға қатысатын студенттер еңбегі үшін 3 мың теңге алатын көрінеді.

 

Асхат Гумиров, “Жасыл ел” отрядының менеджері:

– Акция қыркүйек айында басталды. Осы уақыт аралығында біз түрлі іс-шаралар өткіздік. Зағип жандар қоғамы, мешіт, шіркеудің маңайын жинастырдық. Енді, көпқабатты үйлердің маңын қоқыстан тазартып жатырмыз. Сағат бесте тағы бір ауланы жинастырамыз. Жалпы, шараға 300 адам жұмылдырылған.

 

“Таза подъезд – таза аула” экологиялық тазалық акциясы бүгін аяқталады.

 

Бану Ахметова