Қоғам

Кәсіпкерлер мен шенеуніктердің семинар-кеңесі

 

Алдымен жиында қалалық салық басқармасының мамандары сөз алды. Баяндамада негізінен кәсіпкерлерге қатысты келер жылы салық заңнамасына енгізілетін өзгерістер көрініс тапты. Бұл тұрғыда бірқатар толықтырулар бекітілген.

 

Лилия Әбілева, Петропавл қалалық салық басқармасының бас маманы:

– Жанар-жағармай мен алкоголь өнімдері бөлшектеп өткізілетін сауда нысандары кассалық аппаратпен жабдықталуға міндетті болмақ. Жеке кәсіпкер алдағы қаңтар айынан посттерминалдар орнатуы тиіс. Өйтпегендері 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүрленеді. Ережені елемеу қайталанса, әкімшілік жаза екі есеге ұлғаяды.

 

Бұл біріншіден көрсетілетін қызмет түрлерін сапаландырудың қамы. Кәсіпкерлер өздері мен тұтынушыға бірдей тиімді болатын жаңашылдықтарды ендіруге қашан да әзір екендіктерін білдіреді. Алайда бір толастамайтын тексерістерден қажығандарын айтады. Мәселен, жыл басынан облыстағы 30 қадағалаушы органдармен 1655 бақылау шарасы жүргізіліпті. Оның тең жартысына жуығы жоспарсыз. Тек 36 пайызында ғана заң бұзушылықтар анықталған. Өзгесі негізсіз.

 

Қайсар Әбішев, Петропавл қалалық прокуратурасының бөлім басшысы:

– Жоспарсыз тексерістер кәсіпкерлердің жеке ісін жүргізуге үлкен кедергі келтіреді. Бар тексеріс шараларының 65 пайызы санитар мамандарға тиесілі. Ветеринарлық инспекциямен 20-ға тарта тексеріс заңсыз өткізілгендігі анықталды. Тіпті кейбір бақылаулар тіркелмеген. Бұндай жайттар жемқорлықтың өршуіне жол салады. Биылғы сараптама қадағалаушы органдардың салғырт жұмысын көрсетті.

 

Өлкеміздің іскер азаматтары жуырда құрылған кәсіпкерлер палатасына жиі жүгінеді екен. Негізінен бұйымтайларын артып келеді.

 

Жеңіс Қазиев, СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары:

– Кәсіпкерлердің өзекті деген мәселелерін анықтап, күрмеуін босатуға септесеміз. Бізге келгендер бизнесін тиімді жүргізуге қажетті кәсіби кеңес алады. Әр сұрақ жеке талқыланып, жіті қаралады. Негізінен энергетиктерге қатысты, кәсібін заңдастыру сынды мәселелермен жүгінеді.

 

Бүгінде өңірде 22 мыңнан артық шағын және орта бизнес субектісі тіркелген.  Дені жеке ісін белсенді жүргізіп келеді.

 

Жеңіс Ермұқанов