Құқық қорғау органдары

Петропавлдың ортасында үлкен жол-көлік апаты болды

 

Жол-көлік апаты таңғы сағат он шамасында Интернационал және Астана көшелерінің қиылысында тіркелді. Апат сол маңда орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда оқыс жағдай бастан аяқ, тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Жолаушылар автобусы рұқсат етілген бағдаршам түсіне орай жүріп келе жатыр. Кенеттен қоғамдық көлік бүйіріне «Ауди» маркілі жеңіл машинасы соғылған. Бұнымен тежелмей, қызыл жарыққа өтіп кеткен темір тұлпар бағыттық нысанның жанындағы «Фолксвагенгенмен» де сүзісіп қалды. Апатқа себепкер жүргізуші денсаулығы күрт нашарлағандықтан, жол ережесін еріксіз бұзғандығын айтып ағынан жарылды.

 

“Ауди” көлігінің жүргізушісі:

-Инсулин қажет болып, асығып бара жатыр едім.

 

Абырой болғанда апаттан жолаушылар мен үш жүргізушінің ешбірінің денсаулығына зиян келген жоқ. Бүгінде апатқа қатысты материалдар жиналып, сараптама жұмыстары жүріп жатыр.

 

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

– Өткен 10 айда облыс аумағында 304 жол оқиғасы тіркелді. Салдарынан 42 адам қаза тапса, 382-сі түрлі дене жарақаттарын алды.

 

Жеңіс Ермұқанов