Қоғам

Әлеуметтік жобалар партиялық бақылауда

 

 

«Қолжетімді баспана-2020», «ТКШ жаңғырту» және «Балапан» сынды мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы өңірлік партия бекеттерінің қатаң бақылауына алынған. Бүгінгі таңда Петропавлда осындай 19 бекет жұмыс істеуде. Әлеуметтік маңызы бар бағдарламаларды іске асыруда туындап жатқан мәселелерді шешуде аталған партиялық бекеттердің атқарар рөлі зор. Өйткені мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруда туындап жатқан сауалдар жетерлік дейді партиялық бақылау бекетінің төрағасы Сайран Хамзин.

 

Сайран Хамзин, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

-Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысы да біздің жіті бақылауымызда. Білім ошағы «Береке» ауданында бой көретіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, ол ауданда қар еріп, жаңбыр жауған кездерде жүру мүмкін емес. Сондықтан біздің бастамамыздың арқасында қазір ол маңға тас жол төселіп, енді жүріп-тұру ыңғайлы болды. Сол ауданда тұрғызылып жатқан үйлердің құрылысын да үнемі қадағалап отырамыз.

 

“Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да партиялық бақылау бекеттерінің назарынан тыс қалған емес. Қазір облыс орталығында 10 баспана аталмыш жоба бойынша жөнделуде. Құрылыс сапасына қатысты тұрғындардан келіп түсетін шағымдар аз емес.

 

Сайран Хамзин, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

– Бізге тұрғындар, ПИК төрағалары өз шағымдарын айтып, үнемі хабарласып жатады. Біз сол сәтте жедел түрде туындаған мәселені шешу үшін арызданушыларға барамыз. Проблеманы зерттей отырып, мердігерлерді шақырып, мәселені шешу жолдарын қарастырамыз.

 

Жалпы жыл басынан бері партиялық бақылау комиссиясы 23 жиын өткізген. Оның ішінде 5 көшпелі отырыс ұйымдастырылды.

 

Мағжан Ахмадина