Балалар

Жастар саясаты кеңесінің кезекті отырысы

 

 

Ұлт көшбасшысы еліміздің болашағы жастардың қолында деп атап көрсеткен болатын. Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған жолдауларында да негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленіп келеді. Президент таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының 15-ші съезінде де жастар саясатын жүзеге асыруға айрықша тоқталып, бұл ретте әлі де қыруар тер төгу керектігін алға тартты. Мақсат өскелең ұрпақ арасындағы жұмыссыздықты ауыздықтап, тепсе темір үзер жастардың күш қуатын елдің өркендеуіне бағыттау.

 

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:

– Қазіргі күні өңірімізде жастардың 60-тан астам ұйымы бар. Олардың жұмысы сан салаға бағытталған. Бірақ көздеген мақсаттары бір, ол мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру. Атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Алайда бұл бағыттағы шараларды одан әрі дамыту керек. Оны жергілікті атқарушы билік пен жастар ұйымдары бірлесіп жүзеге асыратынымызға сенім мол.

 

Өңіріміздің белсенді жастары көптеп шоғырланғаны – “Жас Отан” жастар қанаты. Ол көшбасшы партияның ажарамас бір бөлігі болып табылады. Негізгі міндеттері «Нұр Отанның» игі бастамаларына қолдау танытып, олардың жүзеге асырылуына үлес қосу.

 

Мұса Танақұлов, “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ атқарушы хатшысы:

-Таяуда ағымдағы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы шығарылған болатын. Онда солтүстікқазақстандық жасотандықтардың жұмысы жоғары бағаланып, біз көрсеткіш бойынша бірінші орынға шықтық. Алдағы уақытта да партияның тапсырмаларын жүзеге асыруда осы биіктен көрінетін боламыз.

 

Қазіргі күні «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалының қарамағында 15 аумақтық бөлімше мен 249 бастауыш ұйым бар. Оған мүшелікке енгендер саны 17252 адамды құрайды. Жас ерекшеліктері 16 мен 29 аралығындағылар. Ал бұл шамадағы өңір жастарының саны әлдеқайда көп. Оларды еңбекпен қамту, бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасау да жастар саясатының негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Жұмыссыз жүрген жастардың қарасы қалың. Оларды қайткен күнде де еңбекке баулу қажеттігі де көрініс тапты жиын барысында. Кеңес мүшелері өңірімізде жастар кәсіпкерлігін дамыту керек деген ойды ортаға салды. Біріншіден, ол шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуға септігін тигізсе, екіншіден, жұмыссыздар санын қысқартуға мүмкіндік бермек. Тек оны жан-жақты талқылап, таразылау қажет. Жиын түйіні осы.

 

Самат Есмағи