“Алтын күз” көрмесіне қаладағы 14 балалар мен жасөспірімдер клубының өкілдері өздері жасаған қолөнер бұйымдарын әкеліп отыр. Көрменің талабына сәйкес, әр қатысушы ағаштан, металдан, інжу-моншақтардан ойыншық, декорация, композиялар мен мүсіндер дайындауы тиіс. “Көктем” балалар мен жасөспірімдер орталығының әдіскері Альфия Реммихтың айтуынша, көрмеге қатысушылардың саны жыл санап өсіп келеді екен.
Альфия Реммих, “Көктем” балалар мен жасөспірімдер орталығының әдіскері:
– “Көктем” балалар мен жасөспірімдер клубында жыл сайын қөлөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеге 50-ге тарта баланың туындылары қойылды. Бізде ең таңдаулы деген заттар да баршылық. Жалпы, орталықта әр балаға өзіне ұнаған ісімен айналысуға мүмкіндік бар.
Көрмеге атсалысқан Дарья Кормина қонақтардың назарына “В гостях у бабы Яги” атты композиясын ұсынды. Ағаш бұтақтары мен жапырақтардан, бидай масақтарынан желімделген өнер туындысын дайындау үшін оқушы 3 апта бойы тер төккен.
Дарья Кормина, “Юность” балалар мен жасөспірімдер клубының тәрбиеленушісі:
-Бұл өнер туындысын жасауға мыстан кемпір туралы ертегі негіз болды. Мен бұл туындыны сүйіп оқимын. Әрине, композияны жасауға достарым қол ұшын берді, бәріміз керекті материалдарды жинап, құрастырып шықтық.
Көрмені қызықтаушылар үшін арнайы концерттік бағдарлама да әзірленіпті. Марк пен Әлішер шараға орай моншақтардан панно жасаған. Бұдан өзге, көрермендерге әздері дайындаған шағын көріністерін ұсынды.
Марк Колмаков:
-“Алтын күз” көрмесіне орай, күннің бейнесін сомдадық. Бар өнерімізді ортаға салуға тырыстық. Жалпы орталықта футбол, теннис ойнап, сурет салып, би билейміз. Сабақтан тыс уақытымызды көңілді өткіземіз.
Әлішер Есенгелді:
-Қойылым көрермендер көңілінен шықты деп ойлаймын. Үйірмеге келіп, өзімізді жаңа қырымыздан танып, өнерге жақындай түсеміз.
Жалпы өткізіліп отырған іс-шара балалардың тұлға ретінде қалыптасып, шығармашылық жағынан шыңдалуына өз септігін тигізеді. Көрме қорытындысы бойынша барлық қатысушы командалар естелік сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.