Құқық қорғау органдары

“Мен және менің полицейім” акциясы

 

 

Мұндай шара Ішкі істер министрлігінің мұрындық болуымен елімізде жыл сайын өткізіліп келеді. Жол полициясы мамандары мен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар №8 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары үшін арнайы дәріс оқыды. Тақырып “Полиция – досың әрі қорғаның” деп аталады.

Дәрісті ұйып тыңдаған оқушылар тәртіп сақшыларына өздерін қызықтырған сұрақтарын жолдап оған нақты жауаптар алды. Полицейлердің жолдан бағдаршамның қай түсіне өтуге болады, бейтаныс адаммен әңгіме құру дұрыс па, оқыс оқиға орын алған кезде қайда хабарласу керектігі туралы сауалдарына жауап берді.

Ал мына көрнекі материалдар қазақ мектеп-гимназиясының төменгі сынып оқушылары үшін арнайы жасалыпты. Ондағы жол белгілерінің маңыздылығын балғындарға жас жол инспекторларының өздері түсіндіріп берді.

 

Виктория Усольцева, № 8 орта мектептің әлеуметтік ұстазы:

-Балалар бұл жолғы шарадан өздеріне тиімді мол мағлұматтар алды. Жол ережесін сақтау, қоғамдық орындарда өз-өздерін ұстау қағидаттарын тағы бір мәрте ой елегінен өткізді. Аталмыш акцияның жас буын үшін пайдасы зор.

 

Шара барысында мамандар мектеп оқушыларына қызметтік автомобилді көрсетіп, ондағы рация, дауыс зорайтқыш және арнайы сигналдар не үшін қажет екендігін түсіндіріп берді. Білім ошақтарында мұндай профилактикалық шаралар оқу жылының соңына дейін жүргізілмек.

 

Самат Есмағи