Құқық қорғау органдары

Ұры машиналардың нөмірлерін не үшін ұрлағанын түсіндіре алмады

 

 

Темір тұлпарындағы мемлекеттік нөмірдің жоғалғанын Петропавл тұрғыны таңертең жұмысқа барарда байқаған. Ол әдетте көлігін гаражына қоятын. Бірақ  оқиға болған түні үйіне кеш қайтып, темір тұлпарды есік алдына қалдырған.

 

Жапа шегуші:

-Мен мұндай жағдайға тап боламын деп шынымен ойламаппын. Сол түні гаражым бола тұрса да машинамды подъездің алдына қоя салдым. Таңертең жұмысыма барайын десем, машинамның нөмірін біреу шешіп алыпты. Мен дереу полицейлерге қоңырау шалдым.

 

Дәл осындай ыңғайсыз жағдайға Петропавлдың 28 тұрғыны тап болған. Тәртіп сақшыларының жедел іздестіру амалдары өз жемісін берді.Сұғанақ ұрлық үстінде машинаның ішіне орнатылған бейнекамераның біріне түсіп қалған. Тергеу барысында ДСР кентінің 26 жасар тұрғыны осы ісі үшін бұрындары істі болғаны анықталды.

 

Дулат Мұхаметрахимов, Петропавл қалалық ІІБ 2-ші полиция бөлімінің КПБ басшысы:

–   Қазіргі таңда оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.

 

Тәртіп сақшылары 14 автокөліктің таңбаларын тапты. Оны ұсталған сұғанақ үйінің маңына тығып қойған. Ал, қалған нөмірдің қайда екені әзірге белгісіз. Оны полицейлер әлі іздестіру үстінде. Табылған нөмірлер дереу иелеріне қайтарылды. Ал, құрықталған ұры оны не үшін машинадан шешіп алғанын мардымды түсіндіре алмады.

 

Берік Қасен