Денсаулық сақтау

Халықаралық медициналық конференция

 

 

 

«Жол-көлік оқиғалары кезінде медициналық көмекті ұйымдастыру, жарақатты және ортопедияны диагностикалаудағы және емдеудегі инновациялық технологиялар». Атауы ауқымды конференцияның қарастыратын мәселері де ауқымды. Алдымен жиынға қатысушылар сан түрлі медициналық құрылғылардың көрмесін тамашалады.

Анастасия Иванова,  “МОЙЕ керамик-имплантата” ЖШБ коммерциялық директоры:
– Біздің фирма саусақтарға арналған имплантанттарды ұсынып отыр. Оны бірнеше жылдан бері сырқат мүгедектер де сала алады. Осы бағытта Қазақстанмен серіктестік орнатпақпыз.

Жол-көлік оқиғалары кезінде алынған жарақаттар мүгедектікке, ерте өлімге әкеліп соқтыратын қоғамдық мәселе. Ол жарақат алушымен қатар оның жанұясына да ауыр психологиялық әсер етеді дейді баяндамашылар. 2020 жылы жол-көлік оқиғаларында жарақат алу адам денсаулығына зиян келу бойынша 3-ші орын алады деген үрейлі болжам бар. Германдық профессор Рейнер Шнетлер екі немесе одан да көп дене мүшесі жарақаттанған науқастарды өз елдеріндегі емдеу әдісімен бөлісті.

Рейнер Шнетлер, Гиссен университеті полижарақат клиникасының жетекшісі, Германия:
– Соңғы 15 жыл ішінде полижарақатты емдеу мәселесін зерттеуде бірқатар алға жылжу байқалады. Бұрын бірден жарақаттарды емдеуге кірісетінбіз. Сондықтан мұндай науқастар арасында өлім жиі болатын. Енді арнайы емшаралар 2 бағытта жүргізіледі, жарақатты барынша бақылаймыз.

Біздің өңірімізде де бұл бағытта бірқатар жаңашылдықтар байқалуда. Мәселен, қазір буындарға жабық операция жасалуда. Бұл науқастың тезірек айығуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыстағы ең қауіпті жол қиылыстарында арнайы медициналық пункттер құрылмақ.

Қабдрахман Сақтағанов, 3-ші қалалық аурухананың бас дәрігері:
– Келлеровка, Булаев, Смирново бағыттарындағы автокөлік жолдарында апаттардың жиі болатынын байқадық. Сондықтан жедел көмек көрсету пункті дәл осы жолдарда орналасуы мүмкін. Ол үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінбек.

Сондай-ақ жиында дәрігерлерге денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін төсбелгілер табысталды. Олар бұл жоғары марапат әріптестікті нығайту міндетін жүктейтінін айтып отыр.

Инеш Шоқақова