Қоғам

Петропавлда “Дін және патриотизм” тақырыбында конференция өтті

 

Бүгінгі тақырыптың өзекті екені даусыз. Әлемнің түкпір-түкпірінде террорлық бүлік бас көтеріп   жатқанда елдегі тұрақтылықты ерекше бағалап, оны нығайту қажет. Жоғары имандылық пен патриоттық сезім қазақстандық қоғамның негізін құрайды. Бұл бағытта дін мен мемлекет бірігіп бірталай шаруаны тындырды. Соның арқасында елдегі діни ахуал тұрақты деді Марат Әзілханов. Мәртебелі мейманның айтуынша жастардың тән мен жан саулығы, имандылығы отансүйгіштікпен тығыз байланысты.

 

Марат Әзілханов, ҚР Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының міндетін атқарушы:

-Бала дүниеге келгеннен кейін ана сүтімен, жердің құнарымен өскеннен кейін жанұясында, қоғамында алатын тәрбиесінің маңыздылығы – отансүйгіштік. Содан адам басталады деп санаймыз. Діндердің отансүйгіштікке тәрбиелеудегі маңызы ерекше. Өйткені, діндерде ежелден бері еліне деген махаббатын, еліне деген ерекше сезімін тәрбиелей білген.

 

Дін істері жөніндегі агенттік төрағасының міндетін атқарушы Марат Әзілхановтың айтуынша, адам патриот болып өсе келе қалыптасады. Яғни, отансүйгіштікті естіп-көріп, дұрыс діни бағыт-бағдармен өскен баладан кейін саналы азаматтың шығатыны сөзсіз. Ал, оның ұлтаралық келісімге қол көтеруі екіталай. Осы ретте жергілікті имамдарға артылған жүк салмақты.

 

Имаммұхаммед Мирзаев, Есіл ауданының бас имамы: -Имамдардың міндеті – келешек ұрпаққа дұрыс тәрбие беру. Сондай-ақ, тек қана имамдар ғана емес, жалпы ел болып, халық болып бірлесіп, жұмыс істесек, білім беру мекемелерінде мүмкіндіктерді пайдаланып, үгіт-насихат жұмыстары жан-жақты жүргізілсе, біздің ұрпақ үнемі дұрыс жолда болады.

 

Қазақстан халқы – көпұлтты. Әрқайсысының тілі, діні, дәстүрі бар. Өңірде осы бағытта атқарылып жатқан істермен танысу үшін діни бірлестіктерді аралап, діндарлармен сөйлескен Марат Әзілханов теріскейде конфессиялардың жарасымды өмір сүріп жатқанын байқадым деді.

 

Марат Әзілханов, ҚР Дін істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушы:

-Менің сезгенім, әңгіме барысында діндарлардың арасында ауызбіршілік бар екен. Бір-бірімен қарым-қатынастары тығыз. Мерекелерде бір-біріне барып құттықтайды екен. Жуырда үлкен Құрбан айт мейрамында да өзге конфессия өкілдері келіп құттықтапты. Солтүстік Қазақстан облысында халық арасында бірлік пен татулық бар. Бұл – жоғары жетістік.

 

Бұдан кейін мінбеден ғалымдар, қоғам қайраткелері мен белсенді жастар да сөйледі. Олар отансүйгіштікке тәрбиелеу жайында өз ойларын білдірді. Салмақты пікірлерді ұйып тыңдаған зал толы студенттің бұл жиыннан салиқалы ой түйгені сөзсіз.

 

Данаш Хамзина