Спорт

“Қызылжардың” өз алаңындағы кезекті ойыны

 

Өткен ойыннан кейін турнир кестесінде жерлестеріміз 4-ші орыннан көрінді. Ал қарсылас “Лашын” командасы 14-ші орында. Бұл нәтижеге үміт арқан жанкүйерлер “Қызылжардың” жеңетініне сенімді еді. Алайда, ойын сылбыр басталды. Екі жақ та бір-бірінің қақпасына доп бағыттағанымен, еш нәтиже болмады. Қарсыластар  беріспеді. Сөйтіп, доп орталық алаңнан алыстай алмады. Осындай демде 1-ші тайм да аяқталды. Әлі қақпаның кілті ашылған жоқ. Ал, күннің суығына қарамастан футбол тамашалап, жергілікті аяқ доп шеберлерін қолдауға келген жанкүерлердің қарасы аз емес.

 

Константин Калинко:

– Екі жақ та тең дәрежеде ойнады. Дегенмен бізге гол қажет. Екінші таймда біздің футболшылар қарсылас команданың қақпасын алады деп ойлаймын.

 

Екінші таймда екі жақ бір-біріне қауіпті шабуылдар ұйымдастырды.

Алайда, бұндай қауіпті шабуылдардан нәтиже бола қоймады. Екі жақта да бірнеше рет ойыншылар ауысты. Одан да пайда болмады. Ойынның соңында 3 минут қосылғанымен, футболшылар берілген уақыты да тиімді пайдаланған жоқ.

Жергілікті алаңдағы келесі ойын 26 қазанда өтеді. Онда жерлестеріміз Шымкенттің “Биігін” қабылдайды.

 

Бану Ахметова