Қазақстанда 9 айдың ішінде 4,6 млн. шаршы метр баспана салынған. Бұл – жылдық жоспардың 70 пайызы. Негізі елдегі тұрғын үй салу қарқыны жаман емес. Бірақ, көш соңында қыруар қаржы игерілмей жатқан облыстар да бар. Жиын барысында осы бір осал тұсты ретке келтіру жайы сөз болды. Үкімет басшысы Серік Ахметов, сондай-ақ, жеке инвестицияларды да көбірек тарту қажет деп, баспана салушылардың үлескерлер қаражатын басқа мақсатта пайдалануға құқығы жоқтарын баса айтты. Ол осы ретте екі жаққа да тиімді механизм ойлап табуды тапсырды. Бірінші кезекте, үйге мұқтаж үлескерлердің мүддесі ерекше ескерілуі керек.
Селекторлық жиында қаралған тағы бір мәселе – үй құрылысы комбинаттарын іске қосу. Қазір елімізде осындай 17 жоба жүзеге асуда. 5-уі қолданысқа тапсырылған. Үкімет басшысы бұл салаға жергілікті басшылық тарапынан зор қолдау қажет деді. Инвесторларды жер және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету керек. Комбинаттардың жұмысы жанданса, бәсеке артып, бір шаршы метрдің құны да арзандауы мүмкін. Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін, облыс әкімі Самат Ескендіров Солтүстік Қазақстанда қаржының игерілуі мен жас отбасыларға арналған баспана салу жағы ақсап тұр деді. Жағдайды тез арада түзеу керек.
Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
-Мердігерлер үшін қаржының 76 пайызын игеру деген аз көрсеткіш. 2013 жылға арналған қаржы толығымен тиімді түрде жұмсалу керек. Әрбір мердігер ұйым қажетті шараларды қолға алсын.
Жалпы, жыл басынан бері өңірде 59 мың шаршы метр баспана беріліпті. Ал, алғашқы жалдамалы-коммуналдық 2 үй келер аптаның соңында қабылданады.
Данаш Хамзина