Құқық қорғау органдары

Коммуналдық қызметтер ақысын төлемейтіндер көп

 

 

Сот орындаушылары коммуналдық қызмет қарызын жинау жұмыстарын Мир көшесі бойындағы жатақханалардың бірінен бастады. Басты назар адалдық танытпай борышты өтеуден қашқақтап жүргендерге аударылуда. Мұнда пайдаланған қызмет құнын қайтаруды елемеуге еті әбден үйреніп алған 20-ға тарта пәтер иесі бар. Қағылған есіктердің көбі ашылмады.

Біразында баспана иелері үйінде жоқ. Мына жасөспірімнің әке-шешесі маңызды қызметті тиісінше бағаламай отыр. Тұтынған электр энергиясына 31 мың, таза ауыз суға 91 мың теңгенің жылдап төлемеген қарызы жиналып қалыпты.

Мамандар осындай жағдайда ескерту қағазын да тапсыра алмай кетеді екен. Ал мына азаматтың жұмыс жасайтын қарекеті жоқ. Жанұясымен күндерін жарық әрі жылы баспанада өткізіп жатыр. Бірақ энергетиктердің қызметіне бір тиынын да бермеген.

 

-Төл құжатым жоқ. 2003 жылы учаскелік полицей жоғалтып алды. Әйелімнің де жағдайы сол. Біз Ресейден келдік Қазақстан азаматтығын ала алмай отырмыз. Осы себеппен тұрақты жұмыс таба алмаймыз. Өзім сантехникпін. Әйтеуір ара-тұра көршілерімнен тапсырыс алып, нанымды тауып жүрмін. Коммуналдық қызметті немен төлерімді білмеймін.

 

Қалай дегенде де заң өкілдері жасаған сан мәрте ескертуге құлақ аспайтындар аз емес. Биыл ғана сот орындаушылары 3 мыңға тарта борышкерге өндірістік іс ашқан. Көбін тек сот арқылы ғана мәжбүрлеп төлету мүмкін болып отыр.

 

Азат Бекқожин, СҚО сот актілерін орындау жөніндегі департаментінің аға сот орындаушысы:

-Біз тұтынушының жағдайын ескеруге тырысамыз. Жағдайы бола тұра қарызды өтемесе, жылжымалы мүлкіне тиым салынады. Құнды заттары тәркіленіп, шетелге шығуға рұқсат берілмейді. Жалақысының бір бөлігін борышын азайтуға аударамыз. Бұған көнбесе баспанасын саудаға қойып, қарызды жабуға құқылымыз.

 

Жалпы, биыл өңір бойынша дебиторлық қарыз 104 млн теңгеге жеткен. Мыңнан астам тұтынушы қашқақтауын доғарып, қарызын өтеуге көндірілді. Кешенді шаралардың арқасында 19,5 млн. теңге өндіріліп алынған.

 

Жеңіс Ермұқанов