Көлік және жолдар

Тұрғындар мен балабақша жол үшін дауласуда

 

Мир көшесіндегі № 23 көпқабатты үйдің іргетасының қаланғанына 40 жыл. Вера әжей мұнда содан бері тұрып келеді екен. Үй ескірген сайын мәселелер саны жылдан-жылға арту үстінде дейді қарт тұрғын. Соның бірі көпқабатты үйді маңдайлай жүретін жолға қатысты. Оның бәрі ойдым-ойдымы шығып болған. Алғашында үйге жақын жерден жеке кәсіпкер көлік шеберханасын ашыпты. Мекемеге ағылатын автомашиналар аз емес. Жол астында жылу желісі жатыр. Оның істен шығуын қаламаған тұрғындар биыл құбырларды жолдың бетіне шығарған. Қазір одан тек жаяу адам ғана аттап өте алады. Ал көлік шеберханасы қожайыны болса, өзіне қажетті жолды басқа жақтан шығарған. Бірақ өткен жылы сол маңнан ашылған «Ашық аспан» балабақшасы басшылығы болса, жылу құбырларын қайта жердің астына көму керектігін айтады. Оған негіз көліктердің тәрбие ошағына келе алмауында. Сондықтан олар тиісті мекемелерге хабарласыпты. Алайда бастамаға тұрғындар наразы.

 

Вера Лешкова, тұрғын:

– Алғашында шеберханаға келетін көліктер осы жермен жүріп, жолды әбден илеп болды. Балабақша ашылысымен оған келетін машиналар да тозығы жеткен жолды әбден қиратты. Ауламыздың әбден ығыры шықты. Шұңқырларға жиналған ағын сулар бір құрғаған емес. Шу шығармасқа амалымыз қалмады, жолды өз бетімізбен жасауға шамамыз жоқ.

 

Тұрғындар жол астына көмілген құбыр жарылса, қыстың күні жылусыз қаламыз деп шулауда.Құбырды жер астына қайта көмуге рұқсат бермейміз, себебі ол көлік салмағымен езіліп қалады, ол осылай тұрсын, жауапты адамдар үстіне көпір салсын немесе жылу желісін аспалы қылсын, оған қарсылығымыз жоқ,- дейді бұқара.

 

Александр Попов, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары:

-«Ашық аспан» балабақшасының басшылары бізге жылу желісін жер астымен тартыңыздар деп өтініш білдірген. Алайда оған тұрғындар қарсы. Қалалық әкімдік тұрғындармен келісіп, ортақ шешімге келсе болғаны, біз жұмысты шамамен 3-4 сағат ішінде атқарып шығамыз. Одан ешкімге кедергі келмейді және ешкім жапа шекпейді. Өз міндетімізді сапалы орындап шығамыз.

 

Даудың басы Дайрабайдың қара сиыры демекші балабақша басшылығы мен тұрғындар арасында туындаған мәселенің нүктесін ендігі жерде қалалық әкімдік қоймақ. Оның шешімі уақыт еншісінде.

 

Самат Есмағи