Қоғам

Азаматтық форум

 

Форумға үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, өңіріміздегі мемлекеттік құрылымдардың басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Барлығы 200-ден астам адам. Жиында тәуелсіздік алған жылдан бастап күні бүгінге дейінгі ел дамуындағы азаматтық ұйымдардың алар орны сараланды.

 

Фархад Қуанғанов,СҚО әкімінің орынбасары:

-Мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам институттары бірігіп еңбек нарығында бәсекеге қабілетті қоғам құруымыз қажет. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың іске асырылуын да бақылауға алуды ұмытпаған жөн. Азаматтық қоғам институты мен үкіметтік емес ұйымдар бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық деңгейге көтерілуі керектігін де ойланғандары жөн. Ол заман талабы.

 

Елбасы жүргізіп отырған мемлекеттік саясат халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл ретте азаматтық қоғам институттарының алар орны ерекше. Олар бұқара мен мемлекет арасындағы алтын көпір іспеттес. Оны тұрғындар да жоққа шығармайды.

Бүгінде өңірімізде 290 үкіметтік емес ұйым жұмыс істеуде. Олар қай саланың болмасын дамуына өз үлестерін қосып келеді.

 

Сергей Худяков, “СҚО Азаматтық альянс қауымдастығы” бірлестігінің төрағасы:

-Осыдан 10 жыл бұрын олардың саны саусақпен санарлық болса, бүгінде қатары жыл санап толығып келеді. Жұмыстарына халық тарапынан сұраныс бар. Кез-келген үкіметтік емес ұйымның жасап жатқан тірлігін алып қарасақ, оның бәрі санға емес, сапаға бағытталған. Яғни бұқараның мүддесін қорғап, халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейді.

 

Мәселен, 2006 жылы үкіметтік емес ұйымдар ұсынған бағдарламаларды қаржыландыруға облыстық бюджеттен 10 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінсе, бүгінде ол сома 93 миллион теңгенің үстінде. Осының арқасында бүгінде өңірімізде әлеуметтік маңызы зор 89 жоба жүзеге асырылуда. Форум барысында 17 номинация бойынша үздік деп танылған үкіметтік емес ұйым өкілдері арнайы марапатқа ие болды, солардың бірі “Адон Север” бірлестігі.

 

Елена Колмогорова, “Адон Север” бірлестігінің төрайымы:

-Біз осы жылы маңызды деген 6 жобаны аяқтауға жақынбыз. Оның бәрі Елбасының тапсырмасына сай халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Өз бастамаларымызды жүзеге асыруда мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бар. Мемлекеттің демеуі жыл санап артып келеді. Оны өз басым айқын сезінудемін.

 

Жиын соңында үкіметтік емес ұйымдардың алда атқарар жұмыстарын айқындайтын қарар қабылданды. Ондағы басты нысанаға алынғаны – еліміздің ғасыр ортасына дейінгі жүрер жолын айқындап берген “Қазақстан 2050” стратегиясында көрсетілген басым бағыттарды жүзеге асыру. Құжатты форум мүшелері бірауыздан мақұлдады. Бұдан соң Елордасы Астанада өтетін республикалық форумға делегаттар сайланды, олардың саны – 26.

 

Самат Есмағи