Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда спорт сарайы салынады

 

 

Облыс орталығында спорт сарайы бой көтермек. Жаңа нысанда мұз айдыны мен жеңілатлетикалық манеж  де жұмыс істейтін болады. Қазір оның сызбалары қағаз бетіне түсіріліпті. Ендігі жерде оны жан-жақты талқылап, ортақ бір шешімге келу қажет.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Облыс орталығында спорт сарайы салынатын аумақты белгіледік. Қазір аумақты құрылысқа әзірлеп жатырмыз. Онымен Петропавл қалалық құрылыс бөлімі айналысуда. Жобаны дайындап, құрылысты бастауға жергілікті бюджеттен 200 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Ендігі жерде уақытты созбай нысан құрылысына қажетті сызбаны мақұлдап жұмыстарды бастауымыз қажет.

 

Спорт сарайы 1,5 мың орынға шақталған. Жалпы аумағы 14 862 шаршы метрді құрамақ. Ауқымды құрылыстың бас жоспарлаушысы Елордалық «ППК» жобалау-құрылыс компаниясы» серіктестігі.

 

Анатолий Кочетов,«ППК» жобалау-құрылыс компаниясы» ЖШС директоры, Астана қаласы:

-Спорт сарайы жобасына спорттың бірнеше түрі кірістірілген. Онда хоккей ойнайтын мұз айдыны, жеңіл атлетика манежі, велоспорт алаңы жұмыс істемек. Олардың әрқайсысының орындары нақтыланып, аумағы есептелініп шығарылды. Барлығы талаптарға сай.

Спорт сарайы құрылысына қажетті сызба толығымен әзір. Қала құрылысы кеңесі барысында жоба жан-жақты таныстырылды. Десек те оған өзіндік сын- ескертпелер жасағандарда болды. Ол орынды, себебі келісіп пішкен тонның келте болмасы анық.

 

Валерий Дорошенко, «Мемсараптама» РМК СҚОФ директоры:

-Нысанның формасын өзгертсе деген ұсынысым бар. Оның үстіне бір нысанда бірнеше спорт түрін шоғырландырудың өзі артықтық ететін сыңайлы. Сонымен қатар ол жерде болатын автотұрақты да кеңейту қажет секілді.

 

Жоспарлаушы компания өкілі айтылған сын-ескертпелер назарға алынатындығына уәде берді. Бірақ ол тек автотұраққа қатысты. Өзгесі сол қалпында қалмақ. Уақыттың тығыз екендігін өңір басшысы да ескертті. Жоспар бойынша нысан келер жылдың соңында қолданысқа берулі тиіс.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Құрылысқа қажетті алаң дайын. Нысан бой көтерген уақытта оны су және жылумен қамтамасыз ету мәселесі қазір қарастырылып жатыр. Негізінен жоспар бірлесе отырып әзірленді. Оның кемшін тұстарын тағы бір мәрте пысықтап, жуық арады жүзеге асыруды бастауымыз қажет.

 

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе Жамбыл ауданының орталығы Преснов селосының детальдық жоспарламасына қатысты болды. Нобай бар, алайда ол әлі шикі. Осыны атап көрсеткен өңір басшысы жобаны әлі де жетілдіру қажеттігін атап көрсетті.

 

Самат Есмағи