ТЖ

Құтқарушылар қысқа әзірленіп жатыр

 

 

Апат айтып келмейді. Сондықтан алда-жалда өрт шыға қалса, тек қызметкерлердің шапшаңдығы ғана емес, арнайы техниканың да сақадай сай тұруы маңызды. Қысқы маусымда өрт сөндіру көліктері солтүстіктің сары аязына төтеп беруі қажет. Күн суытқанда қозғалтқышты жылытуға, кейін қатып қалған суды ерітуге уақыт кетірмес үшін, «қыс – арбаңды, жаз  шанаңды сайла» деген қағиданы ұстанған құтқарушылар арнайы жылыту шараларын қолға алған.

 

Нұрлан Нұрахметов, Петропавл қалалық 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі:

– Біз су ағатын сорғыларды арнайы жылыту қаптамасымен ораймыз. Қыс су қатып, шлангінің бойымен жүрмей, қысым төмендеп кетеді. Сондай жағдайларды болдырмау үшін, жыл сайын қазан айында сақтық шараларын қолға аламыз. Және әрдайым өзімізбен жылыту лампасы мен арнайы таяқшаларды алып жүреміз.Олар қатқан шлангіні ерітуге арналған.

 

Бұл бөлімде өрт сөндіруге арналған 4 техника бар. 54 адам қызмет атқаратын мекемеде биыл жылу желілері жаңартылған.

 

Болат Жұмажанов, Петропавл қаласы 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:

-Жалпы 1,5 млн теңге бөлінді. Барлық бөлім бойынша жуып-шаю жұмыстары жүргізілді.

 

Қыркүйектің 20-ынан бері аталмыш өрт сөндіру бөлімі 3 тілсіз жауды ауыздықтаған.

 

Мағжан Ахмадина