Көрмеге түрлі жанрдағы еңбектер қойылған. Виктор Крестников тек қана талантты мүсінші емес. Сонымен қатар қылқалам шебері, суық батик стилін меңгерген қолөнерші. Он саусағынан өнер тамған жанның туындыларын ұлы Валерий Крестников жинапты.
Валерий Крестников, ҚР суретшілер одағының мүшесі:
– Жинау қиынға соқты. Көбі сақталмай қалды. Бір бөлігін көрмеге шығару мүмкіндігі туғанына қуаныштымын. Көптеген монументалды жұмыстары кімнің қолында кеткені белгісіз. 7-8 метрлік мүсіндерінің тек фотосуреттері қалған. Қалада Зоя Космодемьянскаяның ескерткіші қойылған. «Авангард» стадионының алғашқы жобасын менің әкем құрды.
Әке жолын қуған Валерий жастайынан ішкі жан дүниесімен көріп түйгенін қағаз бетіне түсіруге әуес болыпты. Кейін әуестігін арнайы біліммен шыңдап суретші маман атанды. Бүгінде картиналары шетелге де танылып үлгерген. Көрменің ашылуына туған-туыс, дос-жора мен шәкірттері жиналды. Дарын иесі өңір өнерінің тарихында қайталанбас ізін қалдырды. Таңдаулы туындылары өлке мұражайларының алтын қорына енгізілген. Жас суретшілер тәжірибелі еңбек жолынан сабақ алады.
Валентина Воробьева, СҚО бейнелеу өнері мұражайы директорының орынбасары:
– Мұражай қорына графикалық және кескіндеме, мүсін, қолданбалы қолөнер бөлімдеріне оның туындылары түсті. Бірқатарын туысқандары әкелді. Көп бөлігін өзге көрмелерден алдық.
Виктор Крестников көпшілікке танымал тұлғалардың ескерткіштерін соққан. Саздан бастап ағаш, темір өңдеуге дейін қолынан келіпті. Пушкин, Есенин, Ленин, Лермонтовтың бейнелерін айнытпай салған. Виктор Крестников 1997 жылы дүниеден озды. Оның құрметіне ашылған көрмеде туындыларымен екі ай бойы танысуға болады.
Жеңіс Ермұқанов