Қоғам

Мүгедектер күніне орай солтүстікқазақстандық балаларға сыйлықтар берілді

 

 

Бұл залда үйден өздігінен шыға алмайтын және мектепте оқитын қатарластарынан даму жағынан кенже қалған 25 балаға мерекелік шара өтуде. Олардың арасында Дилназ есімді қыз да отыр. Көзі көрмейтін бүлдіршінді анасы осы бөлімге биыл ғана тіркепті. Үйне келіп баласының шағармашылық қабілетін дамытуға үлкен көмек көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге Әсем Айтмағамбетованың алғысы шексіз.

 

Әсем Айтмағамбетова:

– Балаларымыз үйде отырғаннан гөрі басқа балалармен тіл табысып, танысады. Осыған қуаныштымын. Осындай қызметтері үшін көп рахметімді айтамын.

 

Бүгін 25 мүмкіндігі шектеулі баланың барлығы әлеуметтік қызметкерлерден жылы сөздер естіп, азын-аулақ сыйға ие болды. Онымен қоса сайқымазақтардың өнерін де тамашалап, қызықты ойындар ойнады.

Бұл мерекелік бағдарлама балалардың шығармашылық қабілеттерін арттырып, көзқарастарын өзгертуге көмектеседі. Бұдан бөлек әлеуметтік қызметкерлер үйлеріне барып, аптасына 2 рет тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Оқу, жазу, сурет салуға үйретеді.

 

Екатерина Сорокина:

– Бұл менің 2-ші үйім сияқты болып кетті. Мен мұнда аптасына 2 рет келіп, басқа балалармен уақытымды қызықты өткіземін. Караокемен өлең айтамын, билеймін, сурет саламын. Бүгінгі күн мен үшін тым ерекше болды.

 

Биыл Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 10 жыл толып отыр. Бұл шара соған орай ұйымдастырылған. Бүгінде үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі 93 балаға қызмет етеді. Олардың барлығына мерекелік сыйлықтар табысталмақ.

Данияр Асылбеков, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:

-Оларға 19 әлеуметтік қызметкерлер көмек көрсетеді. 3 кеңесші-консультант бар. Биыл бұл бөлімшеге 10 жыл толып отыр. Әр мерекелерде осылай балаларды жинап, көңілдерін көтеруге тырысамыз.

 

Жалпы Петропавл қаласында 1274 мүмкіндігі шектеулі бала бар.

 

Берік Қасен