Қоғам

Достық үйінде қарияларға арналған концерт ұйымдастырылды

 

Өңір қарттары ең алдымен кіре берісте жайылған дастарханнан дәм татты. Содан кейін, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері дайындаған концертті тамашалады.

Сахна төріне шыққан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясындағы 22 этномәдени бірлестіктің өкілдері аға буын өкілдеріне әннен шашу шашты. Қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында ұйымдастырылған шараға 150-ге тарта ардагер шақыру алған. Концертті тамашалауға Махмуда Каримова да келді. Кейуана мерекелік концертті құрбыларымен тамашаламақ.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Бозжігіт Есімов те бүгін осында. Қария кейінгі буын өкілдерінің ілтипат білдіріп жатқаны қуантады дейді.

Өңір қарияларына арналған концертке “Бірлік” ЖБ белсенділері де атсалысты. Олар мұндай шараларды жиі өткізіп отырады екен.

 

Мария Чернышова, СҚО Қазақстан халқы ассамблеясының “Бірлік” ЖБ белсендісі:

– Мұндай шараларды біз жыл сайын ұйымдастырамыз. Мақсатымыз – қарияларға жақсы көңіл күй сыйлап, оларды әрдайым құрмет тұтатынымызды көрсету. Бүгінгі концертке барлық ардагерлерімізді шақырдық. Біздің шығармашылық ұжымның дайындаған шарасы қариялардың көңілінен шығады деген ойдамын.

Бану Ахметова