Құқық қорғау органдары

Полицейлер көлік ұрлап жүрген топты ұстады

 

 

Тәртіп сақшыларына тұрғындардан автокөліктердің ұрланғаны туралы арыз-шағым қыркүйек айының соңынан түсе бастаған. Қалалық ІІБ-ның жедел уәкілі сұғанақтардың ізін суытпай шұғыл әрекетке көшті. Көп кешікпей құқық қорғаушылар ұрыларды құрықтады.

 

Дулат Мұхаметрахимов, Петропавл қалалық ІІБ криминалды полиция бөлімшесінің басшысы:

-Ұсталғандар қылмыстарын мойындады. Біз ұрланған «Жигули» мен 2 “Запорожец” көлігін, онымен қоса бөлшектелген мотоцикл қалдықтарын таптық. Күдіктілер көліктерді иелері танымастай етіп түрлі-түсті бояумен бояп, кейбір құрал-саймандарын ауыстырып тастапты.

 

Ұрылар тозығы жеткен автокөліктерді қолды етіп отырған. Олардың ішіндегі ең қымбаты ВАЗ маркалы машина. Темір тұлпар зауыттан осыдан 40 жыл бұрын шыққан. Полицейлер баукеспелерді дәл осы автокөлікте ұстапты. Жақында ғана ұрланған бұл көлікті олар түгел бояп үлгермеген, ал жасыл түсті мотоциклды қараға, ақшыл жасыл “Запорожецті” сарыға айналдырып қойыпты.

Түстері өзгертілген автокөліктердің иелері табылды. Ал күдікті 16 мен 19 жас аралығындағы 4 жігіттің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олардың төртеуінің  ұрлау фактісіне қатысы бар екені анықталды.

 

Берік Қасен