Қоғам

Шухов атындағы кітапханада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері талқыланды

 

Елімізде жемқорлықты ауыздықтауда тәжірибесі мол мемлекеттердің үздік құқықтық механизмдері, ақпараттық мүмкіндіктері кеңінен ендірілуде. Пара беріп оны қалтаға басқандар, арасында делдал болған пысқайлар қатаң жазаға тартылады. Қоғамдық індеттің тамырына балта шабу шаралары күшейтілгенімен әлеуметтік зұлымдыққа жол беретіндердің қатары азаяр емес. Бүкіләлемдік қауымдастықтың санағы бойынша Қазақстан аталмыш дерттің таралуы бойынша былтыр 133 орынға түскен.

 

Татьяна Сарычева, Шухов атындағы кітапхана қызметкері:

– Кітапхана ұжымы қоғамдық бірлестіктер, депутаттар мен құқық қорғау органдарының өкілдерін дөңгелек үстел аясында басын қосуды жақсы дәстүрге айналдырдық. Кездесулерге оқушылар, студенттер мен түрлі мекеме қызметкерлері шақыртылады. Елбасы жемқорлықпен күресті күшейтіп, жауапкершілікті қатайта түсуге басымдық берді. Мақсат – ниеті бір жерлестерімізді қоғамдық індетке қарсы жұмылдыру.

 

Рухани азық мекенінің бүгінгі қонақтары өңір құтқарушылары. ТЖД өзгелерге үлгі боларлық. Биыл жедел құрылымда көз қысты бармақ бастылыққа қатысты оқиға тіркелмепті.

Департаментте жемқорлыққа тосқауыл болатын өзге де амалдар қарастырылған. Тоқсан сайын атқарылған шаруалардың есебі беріледі. Қоғамдық қабылдау жүргізіледі. Сенім телефоны да қойылыпты. Алтын көрсе, періште жолдан таяды. Бұл оң көрсеткіштен айырылып қалмас үшін құтқарушыларға әлеуметтік зұлымдықтың жетегінде кетудің соқпақты болатыны тағы бір еске түсірілді. Жиында қоғамдық бірлестік өкілдері де өз ойларымен бөлісті.

 

Сергей Худяков, “СҚО азаматтық Альянсы” ҚБ төрағасы:

– “Азаматтық Альянсқа” 700-ден артық үкіметтік емес ұйым кіреді. Облыстық өкілдіктің құрамында 27 үшінші сектор өкілдері бар. Әлеуметтік зұлымдықтың ел экономикасына елеулі нұқсан келтіріп қана қоймай, халықты мемлекетке деген сенімінен айырады. Сауалнамаға қатысқандардың 3/1 жемқорлықпен ұдайы кездесетіндіктерін көрсеткен. 74 пайызы параны өздері ұсынатындықтарын жасырмады. Әрбір 5-ші адам тіпті індетке немқұрайлық танытатындығын білдірді.

 

Көп көтерген жүк жеңіл. Жиынға қатысушылар осындай түйінге келді.

 

Жеңіс Ермұқанов