Білім

Қызылжар ауданында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр

 

 

Ботагөз Көшбасованың “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқанына тура 1 жыл болыпты. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ды «Бастауыш сыныпты оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол өз еңбек жолын ауылдық жерде бастағанды жөн санапты. Маман «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы тәжірибе қалыптастырып, өз мүмкіндіктерін сынаймын деген жастар үшін зор мүмкіндік дейді.

 

Ботагөз Көшбасова, №2 Бескөл орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Қызылжар ауданы:

-Мұғалімдік еңбек жолым мен үшін сәтті басталды. Алдыма қойған бар мақсатым ЖОО-да алған білімімді барынша іс-тәжірибемде қолданып, жақсы маман екенімді дәлелдеу. Және де сапалы ұрпақ тәрбиелеп шығарсам деймін.

 

Ал еңбек өтілі 3 жылдан асқан Меңсұлу Ибраева осы мектептің түлегі. Жақсы шәкіртті мұғалімдері қуана ұжымдарына қабылдап, білгендерін үйретіпті. Әріптестері Меңсұлу болашағынан үлкен үміт күттіреді дейді. Сондықтан  Петропавл қаласында ашылатын “Назарбаев зияткерлік мектебіне” даярлайтын 3 айлық курсқа жіберіпті. Қазір ол 1 айын оқып, теориялық білімін тәжірибеде пысықтауда.

 

Татьяна Отрутко, №2 Бескөл орта мектебінің мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Меңсұлу – менің оқушым. Ол бала кезінен бастап орыс тілі мен әдебиеті пәніне қызығушылық танытқан. Сабақ барысында үнемі жаңа тақырыпты мұқият тыңдап, мұғалімдерге еліктеп, жүріс-тұрысын әрдайым бақылап жүретін. Мен мықты оқушымның алтын ұя мектебіне қайта оралғанына қуанамын. Және болашақта оған үлкен сенім артамын.

 

Бүгінде №2 Бескөл орта мектебінде барлығы 56 мұғалім қызмет етеді. Олардың жартысы жоғары санатты мамандар.

 

Настя Музыка, №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы:

-Мектепке келген жас мұғалімдердің барлығы өте мейірімді, өз істеріне адал. Сабақты түсіндіргенде барлығын тез ұғып, көкейіме жаңа тақырыпты бірден тоқып аламын. Сабақ қызықты әрі оқушыларға ұғынықты болу үшін барын салады.

 

Жалпы Қызылжар ауданына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша биыл 35 мұғалім келген. Олардың біразы көтермеақыға ие болып, жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.

 

Берік Қасен