ТЖ

Өрттің алдын алу

Өрттің шығуына негізінен адамдардың салғырттығы себеп болып отыр.  Қағаздан жасалған түрлі-түсті шамдарды әуеге жіберу соңғы уақытта дәстүрге айналып бара жатқан сияқты. Әсіресе, жастар, бұны қызық көреді. Тіпті, бір жерге топтасып алып тұтатады. Осы кезде жарыққа толатын аспанның әдемілігінде сөз жоқ. Бірақ, оның өте қауіпті екенін азаматтар ойлады ма? Шамның бағытын реттеу мүмкін емес. Ол оты сөнбеген күйі желмен ұшып, бір жерге түсіп, өрт шығуы әбден мүмкін. Кейін өкінбес үшін төтенше жағдайдың алдын алуға болады. Осылай деп дабыл қаққан өрт сөндірушілер жарық шамдарды жағуды тыю қажет дейді.

 

Ербол Қуанышев, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы:

-СҚО-ның төтенше жағдайлар департаменті аталған ұшу құралдарын пайдалануға тиым салынғанын ескертеді. Бұл талап ескерілмеген жағдайда ҚР әкімшілік кодексінің 312-ші бабына сәйкес өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылады.

 

Адамның осындай немқұрайлығы салдарынан өңірде биыл өрттің саны 12 пайызға өсіпті. Жыл басынан бері облыста 294 өрт оқиғасы тіркеліп, 26 тұрғын мерт болған. Арасында 5 бала бар. Келген шығын 130 млн теңгеге жуық.

 

Ербол Қуанышев, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бас маманы:

-Негізгі себеп – пешті дұрыс пайдаланбау. Бұл жалпы көрсеткіштің 40 пайызын алып отыр. Сондай-ақ, электр құрылғыларын қолдану ережесіне де мән бермеу өртке әкеліп соқтырады.

 

Осыған байланысты департамент қызметкерлері мамырдың 27-сінен маусымның 21-не дейін тұрғын үй секторында өрттің алдын алу мақсатында іс-шара өткізуде.

 

Данаш Хамзина